Зеленский отставкаға кетпейтінін мәлімдеді

Зеленский отставкаға кетпейтінін мәлімдеді
Владимир Зеленский. Фото: t.me/V_Zelenskiy_official

Украина президенті Владимир Зеленский қызметінен кетпейтінін айтты. Сондай-ақ Дональд Трамптың талабына қарамастан, қазіргі жағдайда Украинада сайлау өткізу мүмкін емес екенін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, ел тұрақты шабуылға ұшырап жатқандықтан, сайлау өткізу қауіпсіздік тұрғысынан мүмкін емес. Бұған қоса, президентті сайлау кезінде майданда жүрген сарбаздардың дауысы ескерілуі керек.

«Біздің әр сағатымыз шабуылдың астында өтіп жатыр. Қауіпсіздік жағынан алғанда да, сайлау өткізу мүмкін емес. Оның үстіне сарбаздардың дауысынсыз президент сайлай алмаймыз. Ең алдымен Отан үшін жанын шүберекке түйіп, ел қорғап жүрген сарбаздар дауыс беруі керек. Бұл әділетті болмақ», – деді Зеленский.

Сонымен қатар Украина президенті Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын соққылар қайта жалғасатынын мәлімдеді. Зеленский АҚШ пен Ресей арасындағы сауда келісіміне де тоқталып, Украина маңызды серіктесінен айырылып бара жатқанын айтты.