Сәрсенбіде Ыстамбұлда нөсер жауын жауып, соның салдарынан жасөспірім қаза тапқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Балат ауданында шалшық судан өтпек болған 14 жастағы жасөспірімді ток соғып, ол көз жұмған. Ыстамбұл губернаторының әкімшілігі қала аумағында 1 277 су басу оқиғасы, 15 көшкін дерегі тіркелгенін хабарлады. Су басу салдарынан 47 адам қамалып қалған. Сонымен қатар, 13 жерде ағаш құлап, екі ғимараттың шатыры ұшқан.
Тиісті қызметтерге 76 көлікке, 808 тұрғын үйге және 280 кәсіпкерлік нысанға қатысты хабарламалар түскен.
Түркияның Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар басқармасы жанынан дағдарыс штабы құрылған. Оқиғаның зардабын жоюға 8 мың қызметкер мен 2 мың техника жұмылдырылған. Билік өкілдерінің мәліметінше, жолдар ашық, ал әуежайларда рейстер тоқтатылмаған.
Ыстамбұл билігі 15 қазанда қаладағы барлық мемлекеттік және жекеменшік мектепте сабақ тоқтатылатынын жариялаған.
Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін мүгедектігі бар қызметкерлер, жүкті әйелдер, ардагерлер және сегіз жасқа толмаған балалары бар әйелдер де әкімшілік тәртіппен жұмыстан босатылған.