Павлодарда прокуратура қызметкері басқарған көлік қағып кеткен 60 жастағы әйел қайтыс болды. Осыған байланысты қылмыстық істің саралануы өзгертіліп, тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушінің 2026 жылғы 23 тамызда қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша қайта сараланған. Бұл бап абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты.
Жүргізушіге шақыру бойынша келу міндеттемесі түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылған. Тергеу аясында сыртқы бейнебақылау камераларының жазбалары алынып, оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полицияның хабарлауынша, тергеу нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.
Бұған дейін, 2026 жылғы 13 тамызда Павлодарда Нұрмағамбетов пен Камзин көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болғаны хабарланған еді. Көлік қағып кеткен 60 жастағы әйел Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген.
Алғашында қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігі бойынша қозғалған. Кейін Павлодар облысының прокуратурасы көлік тізгінінде қадағалау органының қызметкері болғанын растаған.