"Бес айлық сәбиімізден айырылдық": Мөлдір Жаңбырбай полицияға шүйлікті

"Бес айлық сәбиімізден айырылдық": Мөлдір Жаңбырбай полицияға шүйлікті
Мөлдір Жаңбырбай. Фото: olympic.kz

Каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай Қызылордада бес айлық сәбидің өліміне әкелген жол апатына қатысты мәлімдеме жасады. Спортшы зардап шеккен әйелдің өзінің келіні екенін айтып, күдіктінің әлі ұсталмағанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Спортшының сөзінше, қайғылы оқиға 13 қазан күні сағат 17:30 шамасында болған. Сол уақытта оның інісінің жұбайы Наргиз бес айлық ұлымен көшеде серуендеп жүрген.

Сағынбаев көшесінен Құлтекенов көшесіне бұрылған автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, анасы мен баласын қағып кеткен.

"Соққының қатты болғаны соншалық, анасы мен сәби бірнеше метрге ұшып кеткен. Әйел бір жаққа, ал бала жолдың ортасына құлаған. Көлік жүргізушісі оқиғадан кейін көлігін, телефонын, тіпті аяқ киімін де сол жерде қалдырып, қашып кеткен. Жедел жәрдем мен полиция келгенге дейін күдікті қаладан кетіп қалған деген ақпарат бар. Өкінішке қарай, бес айлық сәби ауруханаға жеткенде көз жұмған. Ал анасының жағдайы өте ауыр. Наргиз үшінші күн қатарынан жансақтау бөлімінде жатыр", – деді спортшы.

Мөлдір Жаңбырбай келінінің ауыр жарақат алғанын жеткізді. Оның айтуынша, Наргиздің жамбас сүйегі екі жерден сынып, денесінің сол жақ бөлігі қатты зақымданған. Сондай-ақ бас сүйегі сынып, басында гематома пайда болған.

Қазір әйел жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Спортшының сөзінше, оның есі бірде кіріп, бірде шығады.

"Жүргізуші неге әлі ұсталмады?"

Мөлдір Жаңбырбайды алаңдатқан басты мәселе – жол апатына қатысы бар жүргізушінің іздеуде жүруі.

Спортшы полиция қызметкерлерінің күдіктіні ұстауға қатысты әрекетіне көңілі толмайтынын жеткізді. Сондай-ақ оның айтуынша, аталған жүргізуші бұған дейін де жол апаттарына қатысқан.

"Біздің басты мәселеміз – бұған дейін екі адамды қағып кеткен кезде бұл адам ұсталғанда, мұндай жағдай болмас па еді? Қазір бес айлық сәбиімізден айырылып отырмыз. Ал анасы жансақтау бөлімінде жатыр. Жүргізуші әлі күнге дейін ұсталмай отыр", – деп дабыл қақты.

Спортшы қайғылы жағдайға кінәлі адамның заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысының полициясы адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық істер қозғалғанын және күдіктінің жеке басы анықталғанын хабарлаған.