«Африкада жәрдемақысыз-ақ көп бала туады»: Әлеуметтік сақтандыру қоры басшысының сөзі наразылық тудырды

«Африкада жәрдемақысыз-ақ көп бала туады»: Әлеуметтік сақтандыру қоры басшысының сөзі наразылық тудырды
видеодан кадр

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басшысы Алмас Құрманов бала тууға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың демографияға әсері туралы пікір білдірді. Ол ауқатты отбасыларға кейбір төлемдерді тоқтату бала туу көрсеткішінің төмендеуіне әкелмейді деп есептейді. Құрмановтың Африка елдерін мысалға келтірген сөзі әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Желіде тараған видеода журналист Құрмановтан әлеуметтік төлемдерге қатысты жоспарланған өзгерістердің демографияға ықпалын сұраған. Атап айтқанда, тұрмысы төмен отбасылар үшін бірнеше баланы асырап-бағу қиын екенін айтып, мемлекеттік қолдауды қысқарту бала туу көрсеткішіне кері әсер етпей ме деген мәселе көтерген.

Бұған жауап берген Құрманов Африка елдерін мысалға келтірген. Оның айтуынша, бұл елдерде бала туу көрсеткіші жоғары болғанымен, Қазақстандағыдай әлеуметтік жәрдемақылар берілмейді.

Ол балалы болу туралы шешім тек мемлекеттік жәрдемақының мөлшеріне байланысты қабылданбауы керек деген пікір білдірген.

Алайда қор басшысының бұл жауабы әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Олар Құрмановтың Африка елдерін мысалға келтіргенін сынға алды.

«Оны қызметінен босатып, Африкаға тұруға жіберу керек», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Тағы бір қолданушы: «Зейнетақы туралы сөз болғанда бізді Еуропамен салыстырады, ал жәрдемақыға келгенде Африкамен салыстырады екен», – деп наразылығын білдірді.

«Қазақстанды Африкамен салыстырмас бұрын жәрдемақыға өмір сүріп, азық-түлік, коммуналдық қызмет пен дәрі-дәрмек ақысын төлеп көрсін. Балалар жәрдемақы үшін дүниеге келмейді, бірақ мемлекет отбасыларды қолдауға міндетті. Неге бюджет қаражатын үнемдеуді шенеуніктердің артықшылықтарынан емес, аналар мен балалардан бастайды?» – деп жазды тағы бір желі қолданушысы.

2027 жылдан бастап қандай төлемдер өзгеруі мүмкін?

Қазақстанда 2027 жылдан бастап әл-ауқат деңгейі бойынша А және В санаттарына жатқызылған отбасыларға бірқатар әлеуметтік төлемдерді шектеу жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, өзгерістер бала туған кезде берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақыға қатысты болуы мүмкін.

Сондай-ақ жұмыс істемейтін аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы жәрдемақыны шектеу ұсынылып отыр.

Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан, жұмыс істейтін әйелдерге берілетін сақтандыру төлемдерін отбасының табыс деңгейіне қарамастан сақтау жоспарланған.

Әзірге бұл өзгерістер жоспар ретінде талқыланып жатыр. Дегенмен әлеуметтік қолдауды отбасының әл-ауқатына қарай бөлу бастамасы қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр.