Астанада қоғамдық орында бейтаныс әйелдің соңынан қалмай, телефон нөмірін талап еткен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды dalanews.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, оқиға 12 қазанда таңғы сағат 08:10 шамасында болған. Мас күйде болған ер адам қоғамдық көліктен түскен бейтаныс әйелдің соңынан еріп, жұмыс орнына дейін барған.
Ол әйелден қайта-қайта телефон нөмірін талап етіп, әдепсіз әрекеттер жасаған.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аталған істі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі, яғни ұсақ бұзақылық бойынша қарады.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін мойындаған. Оның құқық бұзушылық жасағаны іс материалдарымен, түсініктемелерімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбалармен және жәбірленушінің арызымен расталған.
Аталған бап бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сот жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылықтың сипатын, ер адамның алкогольдік масаң күйде болғанын, әйелді ұзақ уақыт аңдығанын және оның жеке басына қол сұғылмаушылық құқығын бұзғанын ескерген.
Нәтижесінде ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.