Ақтөбеде әйелді пышақтап өлтіру оқиғасына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Қылмыс Сәтбаев көшесіндегі тұрғын үйдің ауласында болған, ал марқұм сол үйдің бірінші қабатындағы дүкенде жұмыс істеген, деп хабарлайды Dala News «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, тұрғын үйдің ауласы бейнебақылау камераларымен жабдықталған, күзет қызметі бар және кіреберісіне шлагбаум орнатылған. Қылмыс болған жерде тротуардағы қан іздері де байқалған, оларды жуып кетіруге тырысқан.
Қаза тапқан әйел «Арзан Люкс» дүкенінде жұмыс істеген. Ол алған пышақ жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Бұған дейін Ақтөбе қаласында әйелді пышақтап өлтіргені хабарланған болатын. Оқиға 10 қазан күні сағат 22:30 шамасында Сәтбаев көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел мен ер адам бұрыннан таныс болған, олардың арасында жанжал туындаған.
Қылмыс жасады деген күдікпен Атырау қаласының 28 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ақтөбе облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның себептері анықталып жатыр. Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпаратты жарияламаған.