Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскен оқушыларының саны 55-ке жетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, балалар 12-15 қазан аралығында Алматыдағы балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасына түскен. Оқушыларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Науқастар мамандардың тұрақты бақылауында, ем қабылдауға барлық жағдай жасалған.
"Қазір ауруханаға түскен балалардың жағдайы тұрақты, динамикада нашарлау байқалмайды. Жансақтау шараларын қажет ететін жағдайлар тіркелген жоқ", - деді басқарма өкілдері.
Айта кетейік, 14 қазанда Алматыдағы РФММ-ның 50-ге жуық оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскен еді.