Қонаев қаласында адам өліміне әкелген жол апатына қатысты сот отырысы кезінде журналист Сандуғаш Дүйсенова мен айыпталушы әйел арасында жанжал шықты. Журналистің арызынан кейін полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, сот отырысындағы үзіліс кезінде айыпталушы әйел оның қолындағы телефонын тартып алмақ болған. Кейін қолынан ұрған. Соның салдарынан телефон жерге түсіп кеткен.
Оқиғадан кейін журналист Қонаев қалалық полиция басқармасына жүгініп, қолындағы дене жарақаттарын тіркеткен. Оның арызы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Журналистің сөзінше, жанжал шығарған әйел Алматы – Бішкек тасжолында болған адам өліміне әкелген жол апаты бойынша айыпталып отыр. Бұған дейін оған ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда адам өліміне себеп болғаны үшін екі жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Аталған жол апатынан 25 жастағы ер адам қаза тапқан. Айыпталушы Қарасай ауданындағы мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейді. Сот ғимаратында болған жанжалдың мән-жайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталмақ.