Қазақстанда кәріз желілерінің тозу деңгейі 54%-ға жеткен, ал сарқынды суды тазартатын құрылыстардың орташа тозуы 65%-дан асады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту аясында 45 қалада тазарту нысандарын салу және реконструкциялау жоспарланған. Бұл жұмыстарға шамамен 1,9 трлн теңге қарастырылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері мәлімдеді.
Министрлік дерегіне сәйкес, Қазақстандағы су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 111 мың шақырымды құрайды. Оның 38%-ы тозған. Ал ұзындығы 18 мың шақырым болатын кәріз желілерінің тозу деңгейі 54%-ға жеткен.
2029 жылға қарай су құбыры желілерінің тозуын 33%-ға, кәріз желілерінің тозуын 41%-ға дейін төмендету көзделген. 2026 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштерді тиісінше 37% және 52%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Желілерді жаңартуға 1,1 трлн теңге қарастырылған
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында шамамен 5 мың шақырым су құбыры желісін жаңартуға 700 млрд теңге, ал 2,8 мың шақырым кәріз желісін жаңғыртуға 400 млрд теңге бағыттау жоспарланған.
Брифингте сумен жабдықтау және су бұру саласындағы жалпы құны 356 млрд теңге болатын 146 жобаның іске асырудың әртүрлі кезеңінде тұрғаны айтылды. Оның ішінде 95 жоба су құбыры желілерін жаңартуға, 51 жоба кәріз инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған.
Қазір 69 жоба іске асырылып жатыр. Тағы 23 жоба іріктеуден өтіп, конкурстық рәсімдерге дайындалуда, ал қалған 54 жоба келісу кезеңінде.
Бұдан бөлек, 2026 жылы бюджет қаражаты есебінен сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 345 жобаны жүзеге асыруға 309 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат қалалар мен ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған.
45 қалада тазарту құрылыстары жаңартылады
Мәселе тек ескі құбырларды ауыстырумен шектелмейді. Тұрғын үйлерден, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардан шығатын сарқынды су арнайы тазарту құрылыстарына жеткізіліп, қоршаған ортаға жіберілер алдында тазартылуы керек. Алайда елдегі мұндай нысандардың орташа тозу деңгейі 65%-дан асады.
Осыған байланысты 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жоспарланған. Бұл бағытқа шамамен 800 млрд теңге қарастырылған.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, коммуналдық жүйені тиімді жаңғырту үшін су құбырларын, кәріз желілерін және тазарту нысандарын кешенді түрде жаңарту қажет. Әйтпесе, құбырларды ауыстырудың өзі сарқынды суды тазарту мәселесін толық шеше алмайды.
Су жүйесін цифрландыруға да қаржы бөлінеді
Ұлттық жоба аясында су арналары кәсіпорындарына желілердегі қысымды, су шығынын және жабдықтардың жұмысын бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр. Бұл су ағуын ертерек анықтауға және апаттарға жедел әрекет етуге бағытталған.
Бірінші кезеңде 25 қаладағы 32 сумен жабдықтау кәсіпорны автоматтандыру және есепке алу құралдарын енгізу үшін жалпы сомасы 54 млрд теңгеге өтінім берген. Оның ішінде 12 млрд теңгеге бағаланған сегіз өтінім бойынша мердігерлермен келісімшарт жасалған. Тағы 17 млрд теңгені құрайтын жеті өтінім конкурстық рәсімдерден өтіп жатыр.
Сонымен қатар, әзірленіп жатқан Smart Turmys бірыңғай платформасы абоненттер, су тұтыну көлемі және коммуналдық қызметтер бойынша есеп айырысу деректерін біріктіруге тиіс.
Тұрғындарға қандай қолдау көрсетіледі?
2026 жылы ауыз су беру қызметінің құнын субсидиялауға 28 млрд теңге қарастырылған. Мемлекет кәсіпорындарға қызмет құнының бір бөлігін өтейді, бұл тұрғындар үшін судың толық өзіндік құнынан төмен тариф белгілеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ коммуналдық шығындары отбасы табысының жергілікті мәслихаттар белгілеген шекті үлесінен асатын азаматтарға тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Брифингте келтірілген мәлімет бойынша, осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 400 млн теңге төленіп, шамамен 8 мың адам қолдау алған.