Атырау қаласының 28 жастағы тұрғыны Ақтөбеде қыз баланы өлтірді деген күдікке ілінді. Бұл туралы Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ақтөбеде әйелді өлтірді деген күдікпен Атырау қаласының 28 жастағы тұрғыны анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген полиция хабарламасында.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен марқұм бұған дейін таныс болған. Олардың арасында жанжал туындап, ер адам қыз баланы пышақтаған. Зардап шеккен қыз оқиға орнында көз жұмған.
Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстың себебі мен мақсаты анықталуда. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Еске салайық, осыған ұқсас жағдай биыл Шымкентте болған еді. Нұрай Серікбай есімді қызды Шерхан Аймахан есімді жігіт көшеде пышақтап кеткен болатын. Нұрай мен Шерхан да бұған дейін таныс болған. Артынша бұл іс қоғамда қызу талқыға түсіп, сот процесі бірнеше уақытқа созылып, күдікті Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылған еді.