Қазақстанда алғаш рет жасуша ядросын ауыстыру арқылы сәби дүниеге келді

Қазақстанда алғаш рет жасуша ядросын ауыстыру арқылы сәби дүниеге келді
Фото: www.istockphoto.com

Алматыда медицина саласындағы ерекше оқиға тіркелді. Елімізде алғаш рет аналық жасушаның ядросын ауыстыру әдісі арқылы сәби дүниеге келді. Бұл туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор Алмаз Шарман әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, күрделі медициналық процедура Алматыдағы PERSONA репродуктивті медицина клиникасында жасалған. Жобаға қазақстандық мамандармен қатар АҚШ-та жұмыс істейтін белгілі ғалым Шухрат Миталипов қатысқан.

Төрт жыл бойы бала көтере алмаған әйел ана атанды

Алмаз Шарманның мәліметінше, дүниеге келген қыз баланың анасы 43 жаста. Ол төрт жыл бойы экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісі арқылы жүкті болуға тырысқан. Алайда жасалған емшаралар нәтиже бермеген.

Мұндай жағдайда дәрігерлер көбіне донорлық аналық жасушаны пайдалануды ұсынады. Бірақ бұл тәсіл қолданылғанда бала анасының генетикалық материалын алмайды.

Алматыдағы мамандар басқа әдіске жүгінген.

"Қазақстанда алғаш рет аналық жасушаның ядросын ауыстыру арқылы сәби дүниеге келді. Бұл біздің репродуктологтардың үлкен жетістігі. Досым Вячеслав Локшиннің PERSONA клиникасында өмірге келген ерекше қыз бала осыдан аз уақыт бұрын мүмкін емес болып көрінген жетістіктің нәтижесі",  – деп жазды Алмаз Шарман.

Жаңа әдістің ерекшелігі неде?

Ғалымның түсіндіруінше, аналық жасушаның ядросында баланың ата-анасына ұқсастығын анықтайтын генетикалық ақпараттың негізгі бөлігі сақталады. Ал жасушаның цитоплазмасында оған энергия беретін митохондриялар орналасқан.

Әйелдің жасы ұлғайған сайын аналық жасушаның қызметі әлсіреуі мүмкін. Соның салдарынан эмбрионның дамуы тоқтап, жүктілік сәтсіз аяқталуы ықтимал.

Алматыда қолданылған әдістің ерекшелігі - әйелдің аналық жасушасындағы ядроны донордың ядросы алдын ала алынған аналық жасушасына көшіру.

Осылайша, болашақ ананың ядролық генетикалық ақпараты сақталып, донор жасушасының митохондриялары пайдаланылады. Кейін бұл жасуша әкенің ұрығымен ұрықтандырылған.

"Ғалымдар ананың аналық жасушасынан ядроны алып, оны жас донордың өз ядросы алдын ала алынған жасушасына көшірді. Нәтижесінде ананың гендері мен жас донордың митохондриялары бар жасуша алынды. Одан кейін әкенің қатысуымен әдеттегі ЭКҰ процедурасы жүргізілді", - деп түсіндірді профессор.

Баланың генетикалық ата-анасы кім?

Алмаз Шарманның айтуынша, дүниеге келген қыз баланың ДНҚ-сының шамамен 99,9 пайызы оның әкесі мен анасына тиесілі. Донордан тек митохондриялық ДНҚ берілген.

Бұл әдіс кейде "үш ата-анадан туған бала" деген атаумен сипатталады. Алайда ғалым мұндай тұжырымның ғылыми тұрғыдан толық дәл емес екенін атап өтті.

Өйткені баланың негізгі тұқымқуалаушылық белгілерін анықтайтын ядролық ДНҚ биологиялық ата-анасынан беріледі. Ал донордың үлесі митохондриялық генетикалық материалмен шектеледі.

Операцияны кімдер жүргізді?

Күрделі процедураға АҚШ-тың Орегон штатындағы Портленд қаласында жұмыс істейтін профессор Шухрат Миталипов қатысқан. Ол жасуша ядросын ауыстыру және репродуктивті технологиялар саласындағы халықаралық деңгейде танылған ғалымдардың бірі.

Алмаз Шарманның мәліметінше, Миталипов Алматыдағы PERSONA клиникасында эмбриолог-консультант ретінде жұмыс істейді.

Ал эмбриологиялық жұмыстарды клиниканың қазақстандық мамандары атқарған. Жобаның ғылыми жетекшілері – профессорлар Шухрат Миталипов пен Вячеслав Локшин.

"Анасы мен сәбиінің жағдайы жақсы. Қазір тағы бір пациент босануға дайындалып жатыр", – деп хабарлады Алмаз Шарман.

Әдіс әлі де зерттеуді қажет етеді

Медицина саласындағы бұл жетістікке қарамастан, мамандар жаңа технологияның мүмкіндіктерін асыра бағаламауға шақырады.

Алмаз Шарман аталған тәсілдің әзірге эксперименттік сипатта екенін, оның барлық әйелге бірдей көмектесе алмайтынын атап өтті.

"Бұл әдіс әзірге эксперименттік деңгейде. Ол барлық адамға бірдей жарамайды, генетикалық ақауларды түзетпейді және нәтижеге кепілдік бермейді. Алда ауқымды зерттеулер мен дүниеге келген балалардың денсаулығын ұзақ уақыт бақылау міндеті тұр", – деп жазды профессор.

Оның сөзінше, жобаның ғылыми жетекшілерінің бірі Вячеслав Локшин де жаңа технологияға сақтықпен қарау қажет екенін айтқан.

"Біздің міндетіміз – ғажайып нәтиже береміз деп уәде ету емес, дәстүрлі әдістер көмектеспеген жағдайда жаңа мүмкіндіктер іздеу", – деген Локшиннің сөзін келтірді Алмаз Шарман.

Профессор бұл жетістіктің ұзақ жылдар бойы сәби сүйе алмай жүрген отбасыларға жаңа үміт сыйлайтынын жеткізді.

Айта кетейік, жасуша ядросын ауыстыру технологиясы репродуктивті медицинаның күрделі бағыттарының бірі саналады.