Нығматуллиндер, Иманғали Тасмағамбетов: Досхан Жолжақсыновтың мерейтойында кімдер болды?

Нығматуллиндер, Иманғали Тасмағамбетов: Досхан Жолжақсыновтың мерейтойында кімдер болды?
Фото: видеодан скриншот

Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері әрі режиссер Досхан Жолжақсынов 75 жас мерейтойын атап өтті. Өнер иесінің қуанышына елге белгілі мәдениет өкілдерімен қатар, кезінде жоғары лауазымды қызмет атқарған мемлекет және қоғам қайраткерлері жиналды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде тараған мерейтой видеоларынан кеш қонақтарының арасында Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетов, бұрынғы мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, ағайынды Нұрлан және Ерлан Нығматулиндер болғанын көруге болады.

Сондай-ақ мерейтойға бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Дархан Қалетаев, экс-сенатор Қуаныш Сұлтанов және Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов қатысқан.

Президент құттықтауын әкім жеткізді

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Досхан Жолжақсыновты 75 жасқа толуымен құттықтаған. Мемлекет басшысының құттықтауын Алматы әкімі Дархан Сатыбалды өнер иесіне табыстады.

"Сіз салиқалы ғұмырыңызды ұлт руханиятын ұлықтауға арнап, үздіксіз шығармашылық ізденістеріңіз арқылы зор жетістікке қол жеткіздіңіз. Дәстүр сабақтастығын сақтап, ізбасар шәкірттеріңізді тәрбиелеп келесіз", – делінген Президент құттықтауында.

Дархан Сатыбалды мерейтой иесіне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық және жаңа шығармашылық табыс тіледі.

Айта кетейік, Досхан Жолжақсынов театр мен кинода көптеген бейне сомдап, кейін режиссер ретінде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Ол "Даладағы қуғын", "Көшпенділер", "Біржан сал" секілді фильмдердегі рөлдерімен көпшілікке танылды. Ал "Біржан сал" және "Құнанбай" тарихи фильмдерін режиссер ретінде түсірді.