Экономист Қазақстанның мыс өнеркәсібі үшін басты сын-қатерді атады

Экономист Қазақстанның мыс өнеркәсібі үшін басты сын-қатерді атады
Фото: Жанат Нұрғалиевтің facebook парақшасынан

Қазақстанда кейінгі он жылда мыс кенін өндіру көлемі күрт артқанымен, оны ел ішінде өңдеп, дайын металл шығару қарқыны айтарлықтай өзгермеген. Экономист Жанат Нұрғалиев бұл жағдайды отандық мыс өнеркәсібіндегі "шикізат парадоксы" деп атады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшының пікіріне өткен аптада Үкімет басшысының Балқашқа жасаған жұмыс сапары арқау болған. Сапар барысында Қаратас кен орнындағы геологиялық барлау жұмыстары, Балқаш мыс балқыту зауытының қазіргі жағдайы және жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін жаңа кәсіпорын жобасы таныстырылған.

Үкіметтің мәліметінше, 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Балқаш мыс балқыту зауыты елдегі катодты мыстың шамамен 51 пайызын өндіреді. 2026 жылы «Қазақмыс» кәсіпорынды жаңғыртуға 21,8 млрд теңге бағыттауды жоспарлаған. Бұдан бөлек, 2030 жылға қарай құны 750 млрд теңге болатын жаңа мыс балқыту зауытын салу көзделіп отыр.

Кен өндірісі төрт еседен астам өсті

Жанат Нұрғалиев Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп, кейінгі 36 жылдағы мыс өндірісінің өзгерісіне назар аударды.

1990 жылдан 2025 жылға дейін Қазақстанда 2,12 млрд тонна мыс кені өндіріліп, 13,7 млн тонна тазартылған мыс шығарылған. Соның ішінде 2016–2025 жылдары 1,26 млрд тонна кен өндірілген. Бұл 36 жылда өндірілген мыс кенінің 59 пайызына тең. Ал осы он жылда балқытылған мыс көлемі 4,4 млн тоннаны немесе жалпы көрсеткіштің 32 пайызын ғана құраған.

"Жаңа кен орындары пайда болды. Бірақ соған сай жаңа металлургиялық қуаттар әзірге іске қосылған жоқ", – дейді экономист.

1990 жылы Қазақстанда 38,5 млн тонна мыс кені өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 163,7 млн тоннаға жеткен. Яғни кен өндіру көлемі 4,3 есе өскен. Сарапшының айтуынша, 2016 жылдан бастап елдің шығысы мен Павлодар облысындағы ірі кен орындарының игерілуі өндірістің күрт артуына ықпал еткен.

"Қазір Абай және Павлодар облыстары Қазақстандағы мыс кенінің төрттен үшіне жуығын өндіреді. Ал ұзақ жылдар бойы негізгі өндіріс орталығы саналған Қарағанды және Ұлытау облыстарының жалпы үлесі 2015 жылғы 62 пайыздан 24 пайызға дейін төмендеген", - дейді сарапшы.

Дайын мыс өндірісі неге кенже қалды?

Кен өндіру бірнеше есе артқанымен, дайын металл шығару көлемі мұндай қарқынға ілесе алмаған. 1990 жылы Қазақстан 365 мың тонна тазартылған мыс өндірсе, 2025 жылы көрсеткіш 471,8 мың тоннаға жеткен. Бұл 35 жылдағы өсімнің шамамен 30 пайыз болғанын көрсетеді.

Елдегі ең жоғары көрсеткіш 2020 жылы тіркеліп, 477 мың тонна мыс өндірілген. Алайда содан бері бұл рекорд жаңармаған.

"Кейінгі он жылда елдің шикізаттық картасы түбегейлі өзгерді, ал металлургиялық өндірістің орналасуы сол күйінде қалды. Ұзақ мерзімді көрсеткіштер шикізаттық сектордың ішкі өңдеуге қарағанда әлдеқайда жылдам дамығанын аңғартады", - деп жазды Жанат Нұрғалиев.

Экономист кен көлемі мен дайын мыс көрсеткішін тікелей салыстыруға болмайтынын да ескертті. Себебі кен алдымен байытылады, одан концентрат алынады, сондай-ақ әр кен орнындағы мыс мөлшері әртүрлі. Дегенмен ұзақ мерзімді деректер елдегі өндіру мен өңдеу салаларының даму қарқыны арасында айтарлықтай алшақтық барын көрсетеді.

Ендігі кезек өңдеу саласында

Сарапшының пікірінше, Қазақстан мыс өндірісіндегі алғашқы үлкен серпілісті жасап, шикізат қорын едәуір арттырды. Ендігі міндет - соған сай ішкі металлургиялық қуатты дамыту.

Балқашта 2030 жылға қарай жылына 300 мың тонна катодты мыс шығаратын жаңа зауыт салу жоспарланған. KAZ Minerals компаниясы да Ақтоғай маңында шамалас қуатқа ие жеке мыс балқыту кәсіпорнын тұрғызуды көздеп отыр. Сонымен қатар қазіргі зауыттарды жаңғырту және геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту жоспарланған.

Алайда экономист жаңа кәсіпорындар салумен ғана мәселе толық шешілмейтінін айтады. Өңдеу зауыттарына тұрақты шикізат қоры қажет болса, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға жаңғыртуға мүмкіндік беретін жағдай жасалуға тиіс. Ал кен өндіруші компанияларға мыс концентратын өткізудің түсінікті әрі бәсекелі шарттары керек.

"Кен өндірісі өз серпілісін жасады. Ендігі кезек өңдеу саласында. Қазақстан мысының қосылған құны ел ішінде қалыптаса ма, әлде оның негізгі бөлігі шетелде жасала ма – бұл ішкі өңдеу экономикасын құра алуымызға байланысты", - деп қорытындылады экономист.