Нұрасыл Медеу: КНУС оқу орнының ғимаратын сенімгерлік басқару арқылы қалай дамытып жатыр?

Нұрасыл Медеу: КНУС оқу орнының ғимаратын сенімгерлік басқару арқылы қалай дамытып жатыр?
Коллаж: Dalanews

KNUS оқу орнының құрылтайшысы Нұрасыл Медеу университет ғимаратының мәртебесі, меншік құрылымы және мемлекетпен әріптестік форматтары туралы айтып берді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Спикердің айтуынша, университет орналасқан ғимарат толықтай мемлекет меншігінде және бюджет қаражаты есебінен салынған. Ал КНУС заңды тұлғасы бұл нысанда сенімгерлік басқару шарты негізінде оператор ретінде жұмыс істейді.

«Біз ғимаратты басқару бойынша белгілі бір міндеттемелерді қабылдадық. Оны сапалы контентпен толтыру, барлық қажетті жабдықтарды жеке қаражат есебінен алу, мықты команда жинау және нысанның сапасын сақтап қалу жұмыстары толықтай біздің жауапкершілігімізде», – деді құрылтайшы.

Меншік үлесі қалай бөлінген?

Сұхбат барысында университеттің иелік құрылымына да түсініктеме берілді. Құрылым бойынша:

95% – жеке меншік үлес;

5% – сыйға тарту шарты негізінде «Қазспортинвестке» тегін берілген мемлекеттік үлес.

Нұрасыл Медеу бұл 5% үлесті сатуға мүмкіндік болғанымен, мақсат онда емес екенін атап өтті. Мемлекеттің меншік құрылымына қатысуы оқу орнында ашық әрі айқын ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік бақылау және ашықтық

Мемлекеттік құрылымның қатысуы университетке белгілі бір есептілік міндеттемелерін жүктейді. Бұл реттеуші тарапқа атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалауға жол ашады.

«Бұл – мемлекет үшін де стратегиялық тұрғыдан өте тиімді бағыт. Біз барлық жауапкершілікті өзімізге аламыз, ал мемлекет атқарылып жатқан жұмыстар мен сапаға бақылау жасап отырады», – деп түйіндеді Нұрасыл Медеу.