Астана мен Алматыда жүк көліктерінің кей көшелерге кіруіне рұқсат енгізілуі мүмкін

Астана мен Алматыда жүк көліктерінің кей көшелерге кіруіне рұқсат енгізілуі мүмкін
pixabay.com

Астана мен Алматыда жүк көліктерінің кейбір көшелермен жүруі үшін арнайы рұқсат алу талап етілуі мүмкін. Көлік министрлігі қалаларда «жүк көлігі қаңқасы» деп аталатын арнайы маршруттар жүйесін енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұсынысқа сәйкес, белгілі бір көшелермен жүру үшін тасымалдаушылар алдын ала рұқсат рәсімдеуі керек. Рұқсат онлайн өтінім арқылы тегін беріледі. Оны бір рейске немесе 30 күнге дейінгі мерзімге алуға болады. Сонымен қатар қысқа мерзімді, маусымдық және төтенше жағдайларға арналған рұқсат түрлері қарастырылған.

Әзірге қозғалысы шектелетін нақты көшелердің тізімі жарияланған жоқ. Оларды жергілікті әкімдіктер анықтауы тиіс.

Министрлік жаңа жүйе жүк жеткізу мерзімінің ұзаруына әкелуі мүмкін екенін де мойындап отыр. Ведомствоның есебінше, Астана мен Алматыдағы 64 мың жүк көлігі үшін бес жыл ішінде рұқсат рәсімдеуге кететін бизнестің еңбек шығыны шамамен 9,8 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

Түзетулерді қоғамдық талқылау 26 қарашаға дейін жалғасады. Жаңа талаптарды 2027 жылдан бастап енгізу ұсынылған.