Қазақстанда құрамында қант, тұз және зиянды майлар мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын шектеу көзделіп отыр. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов тиісті заңнамалық түзетулер топтамасы әзірленгенін мәлімдеді. Бастама фастфудқа толық тыйым салуды емес, оның балалар арасында агрессивті түрде жарнамалануын шектеуді көздейді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, құрамында қант, тұз және зиянды майлар шамадан тыс өнімдердің жарнамасын балалар телеарналарында, балалар бағдарламаларында және балаларға арналған ұйымдарда шектеу ұсынылады. Әлеуметтік желілер арқылы мұндай өнімдерді белсенді насихаттауға да назар аударылмақ.
Сонымен қатар осындай өнімдердің балалар жүретін орындарда қолжетімділігін азайту көзделген. Мектептердегі қолданыстағы талаптардағы олқылықтарды жойып, шектеулерді колледждерге, үйірмелерге, лагерьлерге, оңалту және балалар орталықтарына тарату ұсынылып отыр.
Өнімдердің құрамына қатысты ақпаратты тұтынушыларға түсінікті әрі көрнекі етіп көрсету де жоспарланған. Сатып алушылар тауарда қант, тұз және зиянды майлардың мөлшері шамадан тыс екенін бірден байқауы керек. Алғашқы кезеңде мұндай ескертулерді баға белгілеріне орналастыру ұсынылады. Қаптамадағы таңбалау мәселесін Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде қарастыру көзделген.
Жеке ұсыныстар энергетикалық сусындарға қатысты. Қазақстанда оларды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынғанымен, депутат қолданыстағы талаптардың орындалуын бақылауды күшейту қажет деп санайды. Атап айтқанда, жеткізу қызметтері арқылы тапсырыс берген кезде сатып алушының жасын тексеру, энергетиктерді касса маңынан алып тастау, балаларға бағытталған жарнама мен демеушілікке шектеу қою ұсынылған.
Аймағамбетовтің келтірген дерегіне сәйкес, Қазақстанда 5 пен 9 жас аралығындағы әрбір төртінші баланың артық салмағы бар. Сонымен қатар 2025 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында екінші типті қант диабетінің мыңнан астам жағдайы тіркелген. Депутаттың айтуынша, жасөспірімдердің шамамен әрбір алтыншысы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.
Заңнамалық түзетулерді депутаттар сарапшылармен бірлесіп әзірлеген. Бастаманы кезең-кезеңімен іске асыру, оның ішінде бизнес өкілдерімен, ата-аналармен және қоғамдық ұйымдармен талқылау жоспарланған.