Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаз Ақжол Темерханның анасы Самал Кеуелова сол күнгі жан күйзелісін еске алды. Ол ұлының тағдыры белгісіз болған сәттер өміріндегі ең ауыр уақыттың бірі болғанын жазды.
Самал Кеуелованың жазуынша, алғашқыда оқу-жаттығудың қай әскери бөлімде өткенін білмеген. Кейін оқиға Ақжол қызмет ететін бөлімге қатысты екенін естігенде, баласының амандығына алаңдап, Ақтауға асыққан.
«Сол күнгі оқиға мені сындырды… Өмірде талай қиындыққа мойымайтын, бәріне шыдап үйренген мен де сындым… Жанымның қаншалықты ауырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кейбір сәттерді есіме түсіре алмай қалдым. Бұрын басымда екі-үш тал ғана ақ шашым бар еді. Сол бір сағаттың ішінде шашым ағарып, өзімді он жылға қартайып кеткендей сезіндім», – деп жазды ол.
Сарбаздың анасы Өзеннен Ақтауға дейінгі жол сол күні бұрынғыдан да ұзақ болып көрінгенін айтады. Ұлының жағдайы туралы нақты ақпарат болмағандықтан, отбасы тек жақсы хабар күткен.
«“Балам солардың ішінде бар ма? Аман ба? Не болды екен?” деген мың сан сұрақ жанымды жегідей жеді. Тек Алладан тіледік… “Я, Алла, баламды аман сақтай гөр! Баламды маған қайтаршы!” деп жалбарындық», – дейді Самал Кеуелова.
Оның сөзінше, сол сәтте телефон арқылы Ақжолдың әкесінің жылаған дауысын естіген. Ал Ақтауға жақындай бергенде WhatsApp арқылы келген хабардан кейін ұлының амандығына қатысты үміті күшейген.
«Сол сәтте уақыт тоқтап қалғандай болды… Бауырыма айқайлап: “Қатты айдашы! Тезірек жетейікші! Штрафын өзім төлеймін!” – деп жалына айқайладым. Сол сәтте мен үшін жол ережесі де, айыппұл да, басқа ештеңе де маңызды емес еді. Тек балама тезірек жетсем екен, аман екенін өз көзіммен көрсем екен деген бір ғана тілек болды», – деп еске алды ол.
Самал Кеуелова баласының аман қалғанына шүкіршілік айтып, өзге ата-аналарға мұндай сынақ тілемейтінін жеткізді.
«Ана жүрегі баласына бірдеңе болғанын сезсе, бүкіл әлем тоқтап қалғандай болады екен… Баламның амандығын білмей өткен сол бір сағат мен үшін ғасырға татиды…
Әй, Алла… Баламен сынамашы… Ананың жүрегіне көтере алмайтын қайғыны салмашы… Балаларымыз аман болсыншы… Аналардың көз жасы қуаныштан ғана ақсыншы… Ешбір ата-ана перзентінің тағдыры үшін осылай жанын шүберекке түймесінші… Баламның амандығы үшін мың шүкір, Аллам!» – деп жазды сарбаздың анасы.
Ақжол Темерхан Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздардың бірі. Оқиғаға қатысты мән-жайлар бұған дейін ресми органдар тарапынан хабарланған болатын.