Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты резонансты сот процесі аяқталды. Сот Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, Шерхан Аймахан бойжеткенді бұған дейін некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашқан, ал Нұрай одан бас тартқаннан кейін оны қудалауын жалғастырған.
Іс материалдарында айыпталушының қызға бірнеше рет қоңырау шалғаны айтылды. Тергеу деректерінде бір жолы ол небәрі бір жарым сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Нұрайға 76 рет хабарласқаны көрсетілген.
Қайғылы оқиға болған күні Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайға 35 рет пышақ жарақатын салған. Бойжеткен алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қылмыстан кейін күдікті бой тасалап, екі тәуліктен соң ұсталған.
Аймаханға аса қатыгездікпен адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг баптары бойынша айып тағылған. Мемлекеттік айыптаушы бұған дейін соттан оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған еді.
Сот талқылауы барысында психиатриялық сараптама да қаралды. Сарапшының қорытындысына сәйкес, Шерхан Аймахан қылмыс жасаған кезде өз әрекетінің мәнін түсініп, оны бақылауға қабілетті болған.
Сот қорытындысында Аймаханға ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалды.