Қазақстанда энергия тұтынуды бақылауға бағытталған энергомониторинг жүйесі енгізіледі. Жаңа талаптар ең алдымен мемлекеттік мекемелерге қатысты болады. Ал жеке тұрғын үйлер үшін энергетикалық аудит әзірге ерікті негізде жүргізіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алайда бұл бастаманың бір қайшылығы бар. Өйткені жылу энергиясының едәуір бөлігі дәл тұрғын үй секторында жоғалады.
Алматыда жүргізілген тепловизиялық тексерулердің дерегінше, ғимараттардың жылу оқшаулауы нашар болған жағдайда жылу энергиясының 60-70 пайызы қабырға, шатыр, терезе және панельаралық жіктер арқылы сыртқа шығып кетуі мүмкін.
Соның салдарынан тұрғындар үйін жылыту үшін қосымша электр жылытқыштарын қосып, электр энергиясына көбірек ақша жұмсауға мәжбүр. Бірақ үй ішіндегі жылуды сақтайтын оқшаулау дұрыс болмаса, жылудың едәуір бөлігі далаға кетіп жатыр.
Энергия аудитін жүргізу бизнес нысандары үшін тиімді шешім болуы мүмкін. Себебі кәсіпорындар тексеру нәтижесінде энергия шығынын азайтып, ұзақ мерзімде қаражатын үнемдей алады.
Ал көпқабатты үй тұрғындары үшін мұндай тексеру қосымша шығынға айналуы мүмкін. Оның үстіне аудитке жұмсалған қаражаттың қашан және қалай өтелетіні де белгісіз. Жеке үй иелері де өз еркімен мұндай тексеруге қаражат бөлуге асықпауы мүмкін.
Сондықтан энергия үнемдеу мәселесін тек тұрғындардың жауапкершілігіне қалдыру жеткіліксіз. Егер мемлекет жылу шығынын азайтуды көздесе, алдымен тұрғын үйлердегі жылудың қай жерден жоғалып жатқанын анықтап, оны жоюға жағдай жасауы қажет.
Өйткені тұрғындар жылуға да, электр энергиясына да ақша төлеп отыр. Ал үйдегі жылу сыртқа кетіп жатса, энергияны үнемдеу туралы талаптың өзі күткен нәтижесін бермеуі мүмкін.