Қазақстандық мұғалім Ахмат Мучулаев оқушыларды Шешенстанға апарып, танымдық экскурсия ұйымдастыруға қолдау көрсетуді сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол бұл өтінішін 24 қарашада Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың халықпен тікелей эфирі кезінде білдірген. Шешенстанда дүниеге келген Ахмат Мучулаев қазір Қазақстанда тұрады.
Педагог эфир барысында "Арманға апарар жол" атты білім беру жобасы туралы айтып, оқушылардың Шешенстанның тарихы мен мәдениетін жақынырақ танығысы келетінін жеткізген.
"Балалар Шешенстанға барып, бәрін өз көзімен көргісі келеді. Олар шешен халқының тарихымен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен жақынырақ танысуды қалайды", – деді Ахмат Мучулаев.
Осыған байланысты мұғалім республика басшылығынан балаларды орналастыруға және экскурсиялық бағдарлама ұйымдастыруға көмектесуді өтінді.
Рамзан Қадыров бастаманы қолдап, сапарға қатысты ұйымдастыру мәселелерін бақылауға алуды Шешенстан үкіметі төрағасының орынбасары әрі ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Ильман Вахидовке тапсырды.
Әзірге сапардың қашан өтетіні, оған қанша бала қатысатыны және шығынды кім өтейтіні белгісіз. Сондай-ақ мұғалімнің Қазақстандағы қай мектепте жұмыс істейтіні де айтылмады.