Астанада тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелерінің саны бірнеше айдан бері азайып келеді. Тамызда көрсеткіш былтырғы кезеңмен салыстырғанда 32,3 пайыз, қыркүйекте 29,2 пайыз, ал қазанда 41,6 пайыз төмендеген. Осы тұста Түркістан облысында керісінше өсім байқалды. Қыркүйекте өңірдегі мәмілелер саны 24,7 пайыз, қазанда 4,9 пайыз артқан.
Елордадағы сатып алушылар неге әліптің артын бағып отыр? Өңірлердегі өсім құрылыс компанияларына жаңа мүмкіндік бере ме? Бұл сұрақтарға құрылыс саласындағы Qazaq Expert Club сарапшысы Диляра Сейтнурова жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астана мен Түркістандағы сұраныс екі бөлек
2026 жылғы қыркүйекте Астанада 6 119 тұрғын үй мәмілесі тіркелген. Бұл – былтырғыдан шамамен 2,5 мыңға аз. Қазанда мәмілелер саны одан әрі төмендеп, 5 223-ке түсті.
Сарапшының айтуынша, Астана мен Түркістан облысындағы өзгерісті тек пайыздық көрсеткіш арқылы салыстыру дұрыс емес. Себебі екі нарықтың ауқымы әртүрлі.
“Қазанда бір ғана Астанада 5 223 мәміле жасалды. Ал 2,14 миллион тұрғыны бар бүкіл Түркістан облысында 1 116 мәміле тіркелген. Нарық көлемі шағын болған кезде бірнеше ондаған қосымша мәміленің өзі пайыздық өсімді айтарлықтай жоғарылатады”, – дейді Диляра Сейтнурова.
Екі өңірдегі сатып алушылардың таңдауы да бір-біріне ұқсамайды. Астанада қазан айындағы 5 223 мәміленің 5 130-ы пәтерлерге тиесілі. Ал Түркістан облысында жеке үйлерге сұраныс басым. Мысалы, 1 116 мәміленің 728-і жер үйге, 388-і пәтерге қатысты жасалған.
Қазан айындағы ең жоғары өсім Қызылорда облысында тіркелді. Мұнда бір жылда мәмілелер саны 52,6 пайызға артып, 853-ке жеткен. Бұл өңірде де сатып алынған баспананың жартысына жуығы – жеке үйлер.
“Оңтүстіктегі тұрғын үй нарығы қозғала бастады, бірақ өсімнің төмен базадан қалыптасқанын ескеру керек. Мұндай нарықта көпқабатты үй салатын ірі құрылыс компанияларына мүмкіндік аз. Негізгі табыс жеке құрылыс жүргізетін мердігерлерге, жер телімін сатушылар мен құрылыс материалдарын жеткізушілерге тиеді”, – дейді сарапшы.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Түркістан облысы тұрғындарының 74,5 пайызы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан өңірдегі сұраныс көбіне жеке үй мен жер теліміне бағытталған.
Мәселенің түп-төркіні көші-қонда ма?
Нарықтағы мұндай өзгерісті жұрттың қымбат мегаполистерден өңірлерге көшіп жатқанының белгісі ретінде қабылдауға болады. Алайда демографиялық деректер бұл болжамды растамайды.
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Астананың көші-қон өсімі шамамен 52 мың адамды құрады. Түркістан облысынан, керісінше, 27 902 адам көшіп кеткен. Өңір халқының санын табиғи өсім ұстап тұр. Тоғыз айда туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы айырма 21 406 адам болған.
Диляра Сейтнурованың пікірінше, адамдар елордаға әлі де көптеп көшіп келеді, бірақ олардың бәрі бірден баспана сатып ала алмайды. Көбі жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр. Соның салдарынан Астанада жалдау ақысы бір жылда 20,1 пайызға қымбаттап, инфляциядан екі есе жылдам өскен.
“Тұрғын үй бағасы мен несие мөлшерлемесінің жоғарылығы сатып алушыларды тежеп отыр. Сондықтан сұраныстың бір бөлігі жалдамалы баспана нарығына ауысты. Мұны кейінге шегерілген сұраныс деп бағалауға болады. Ипотека арзандаса, сатып алушылар Астана нарығына өзге өңірлерге қарағанда жылдамырақ оралуы мүмкін”, – дейді ол.
Құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ
Мәмілелер саны азайғанымен, Астанада тұрғын үй құрылысы жалғасып жатыр. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында елордада 3,05 миллион шаршы метрге жуық баспана пайдалануға берілген. Бұл былтырғыдан 3,4 пайызға көп.
Түркістан облысында осы кезеңде 922 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, көрсеткіш 7,9 пайызға артқан. Алайда жан басына шаққанда айырмашылық едәуір: Астанада бір адамға 1,79 шаршы метрден келсе, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 0,43 шаршы метрді құрайды. Яғни елордада әр тұрғынға шаққандағы құрылыс көлемі төрт есе жоғары.
Сарапшының пайымынша, ұсыныс артып, мәмілелер азайған қазіргі жағдай нарықтың тұралап қалғанын емес, сатып алушылардың уақытша кідіріс жасағанын аңғартады.
Астанадағы көрсеткіштің күрт төмендеуіне былтырғы жоғары база да әсер еткен. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға өсті. Құрылыс компаниялары бағаны 2025 жылдың қараша-желтоқсан айларынан бастап қайта есептей бастаған.
“2025 жылдың күзінде бірқатар сатып алушы баспана алуды жеделдетті. Сол жылдың қазан айында ел бойынша шамамен 41 мың мәміле жасалды. Сондықтан биылғы көрсеткішті осындай жоғары базамен салыстырғанда төмендеу байқалуы заңды. Оның үстіне Астанадағы нарықтың негізгі бөлігін пәтерлер құрайды. Сол себепті елордадағы сұраныс несие шарттарына жеке үйлер басым өңірлерге қарағанда көбірек тәуелді”, – дейді Диляра Сейтнурова.
Түркістанда жаңа баспана күрт қымбаттады
Түркістан қаласындағы жаңа тұрғын үйдің бағасы бір жылда 19,4 пайызға өсіп, бір шаршы метрі 421 478 теңгеге жеткен. Бұл – елдегі ең жоғары өсім. Ал қайталама нарықтағы баспана 5,5 пайызға қымбаттаған.
Сарапшы бастапқы және қайталама нарық арасындағы алшақтықты ұсыныстың өзгеруімен байланыстырады. Қалада бұрынғыдан жоғары санаттағы тұрғын үй кешендері салына бастаған. Қымбат жобалардың нарыққа шығуы орташа бағаны да көтеріп отыр. Бұл құрылыс компанияларының Түркістанға қызығушылық таныта бастағанын көрсетеді, бірақ әзірге құрылыс көлемі үлкен емес.
“Түркістандағы баспана Астанамен салыстырғанда едәуір арзан көрінеді. Мәселен, көлемі 50 шаршы метр пәтер Түркістанда шамамен 21 миллион теңге, ал Астанада 37,3 миллион теңге тұрады. Айырмашылық екі есеге жуық. Бірақ тұрғындардың табысын да ескеру керек. Екінші тоқсандағы орташа айлық Түркістан облысында 370 964 теңге, Астанада 581 183 теңге болды. Осы есеппен Түркістандағы пәтер құны 57 орташа айлыққа, елордада 64 айлыққа тең. Демек, баспананың қолжетімділігі жағынан айырмашылық небәрі 12 пайыз шамасында”, – деп түсіндірді сарапшы.
Оның үстіне Түркістан қаласындағы пәтер бағасы бүкіл облыс бойынша есептелген орташа жалақымен салыстырылып отыр. Ал ауылдық жерлердегі табыс қалаға қарағанда төмен болуы мүмкін.
Ірі құрылыс компанияларын не тежейді?
Диляра Сейтнурованың айтуынша, ірі құрылыс компаниялары үшін Түркістандағы негізгі мәселе – табыс маржасының төмендігі.
2026 жылдың тоғыз айында Астанада бір шаршы метр тұрғын үй құрылысына жұмсалған нақты орташа шығын 303,2 мың теңгені құраған. Цемент, арматура, лифт пен инженерлік жабдықтардың құны Түркістанда да арзан емес. Кей жағдайда тасымал шығыны қосымша қаржыны қажет етеді. Соған қарамастан, Түркістандағы тұрғын үйдің бір шаршы метрі елордамен салыстырғанда 44 пайызға арзан сатылады.
Мұндай жағдайда жер телімі, инфрақұрылым мен қаржыландыру шығынын өтеп, жеткілікті пайда табу қиын.
“Облыс орталығында инженерлік желілерді тарту мен жер телімін дайындау қомақты қаржыны талап етеді. Астанада бұл шығынның бір бөлігін дайын қалалық инфрақұрылым жеңілдетеді. Ал өңірде құрылыс талаптары бекітілген әрі қажетті қуат көздері жеткізілген жер телімін табу қиынырақ”, – дейді сарапшы.
Бұған қоса, мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін баспана да жеке құрылыс компанияларының жобаларымен бәсекеге түседі. 2025 жылы Түркістан облысында кезекте тұрған азаматтарға 3 733 пәтер берілген. 2026 жылы тағы 3 561 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
Егер қазанда тіркелген 388 пәтер мәмілесін он екі айға көбейтсек, жылдық көрсеткіш шамамен 4,7 мың мәмілені құрайды. Оның ішінде қайталама нарықтағы пәтерлер де бар.
“Бұл нақты болжам емес, тек нарық ауқымын салыстыруға арналған есеп. Дегенмен мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін пәтер саны облыстағы бүкіл пәтер нарығының көлеміне жуық екенін көруге болады. Яғни әлеуетті сатып алушылардың бір бөлігі баспананы мемлекеттік бағдарламалар арқылы алады”, – дейді Диляра Сейтнурова.
2028 жылға дейінгі мүмкіндік қандай?
Сарапшының пікірінше, Түркістандағы жаңа тұрғын үй бағасының жылдам өсуі, бюджет есебінен жүргізіліп жатқан құрылыс және тұрғындардың жаңа форматтағы баспанаға қызығушылығы құрылыс компаниялары үшін белгілі бір мүмкіндік қалыптастырады.
Алайда нарыққа бірден ауқымды жобамен кіру тәуекелді. Сондықтан девелоперлерге құрылысты шағын кезеңдерге бөліп, орта қабатты үйлерден бастаған тиімді. Жобалар мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың талаптарына да сәйкес келуі қажет.
Өңірдегі тағы бір келешегі бар бағыт – аз қабатты тұрғын үй мен жеке құрылысқа дайындалған жер телімдері.
“Облыстағы мәмілелердің үштен екісі жеке үйлерге тиесілі. Демек, инженерлік желілері тартылған, құжаттары реттелген дайын үй ұсынған құрылыс компаниясы нарықтағы нақты сұранысқа жауап бере алады”, – дейді сарапшы.
Сонымен бірге ол Астана нарығынан бас тартуға әлі ерте екенін айтады. Елордадағы көші-қон өсімі сақталып отыр, құрылыс көлемі де азаймаған. Қазіргі төмендеу нарықтың тоқырауын емес, сатып алушылардың уақытша күтуге көшкенін көрсетеді. Сондықтан сарапшы Астананың тұрғын үй нарығындағы әлеуеті әлі де жоғары деп есептейді.