Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Прокуратура Санжар Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Прокуратура Санжар Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
ашық дереккөз

Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты сот процесінде тараптардың жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы оны орташа қауіпсіздік мекемесінде 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы бейсенбі күні Алмалы аудандық сотында белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Прокуратура Боқаевтың жиені Мадияр Қалменовке 7 жыл түрме жазасын тағайындауды ұсынды. Ал кінәсін мойындаған видеограф Ұлан Нүсіпқожаға 2,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын сұрады.

Санжар Боқаевқа Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, оған алаяқтық, ақшаны жылыстату, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу айыптары бойынша қылмыстық жауапкершілік жүктеліп отыр.

Айыптау тарапының мәліметінше, Боқаев пен Қалменов автокеруенге арналған шығындар сметасын әдейі көтеріп көрсетіп, кәсіподақтың 42 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген.

Сонымен қатар прокуратура Боқаев пен Нүсіпқожаны әлеуметтік желілерге заңбұзушылықтар туралы бейнематериал жариялау үшін бірнеше әрекетті өздері ұйымдастырды деп айыптайды. Атап айтқанда, тергеу нұсқасы бойынша, олар Үлкен Алматы өзенінің жағасындағы гранит тақталарды әкетуді және Баум тоғайындағы ағаштарды кесуді ұйымдастырған.

Видеограф Ұлан Нүсіпқожа қазан айында тағылған айыпты мойындап, бұрынғы жұмыс берушісіне қарсы жауап берген.

Санжар Боқаев 18 наурыздан бері қамауда отыр. Оған қатысты сот процесі 16 қазанда басталған.

Сотта бұған дейін не болды?

24 қарашадағы сот отырысында Санжар Боқаев пен Ұлан Нүсіпқожаның телефон арқылы сөйлескен аудиожазбасы тыңдалды. Әңгіме барысында Боқаев видеографты гранит тақталарды әкету сәтін дұрыс түсірмегені үшін сынап, оның жұмысына «екі» деген баға берген.

Прокуратура бұл жазбаны гранит тақталарды ұрлау әрекеті алдын ала жоспарланғанын көрсететін дәлелдердің бірі ретінде қарастырады.

Бұған дейін сот қорғау тарапы негізгі куәгер ретінде шақырған бригадир Ахлиддин Хамракуловтан жауап алудан бас тартқан еді. Прокуратура оның сотқа дейін сотталушылардың туыстарымен және адвокаттарымен сөйлескенін алға тартқан.

Осы шешімге келіспеген адвокаттар судьяға қарсылық білдіріп, наразылық ретінде сот залынан шығып кеткен.

Қазіргі уақытта сотта тараптардың жарыссөзі өтіп жатыр. Прокуратура сотталушыларға қатысты жазаны ұсынды. Ал түпкілікті шешімді сот қабылдайды.