Қарағанды облысында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа қуат көздерін дамыту және алдағы қысқы кезеңге дайындық барысын көрсету мақсатында пресс-тур ұйымдастырылды. Оған Dala News тілшісі де қатысып, өңірдегі бірқатар энергетикалық нысанның жұмысымен танысты.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті ұйымдастырды. БАҚ өкілдері «Гиперборея» жел электр станциясын, Қарағанды 3-ЖЭО-сын, «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясын және Шахтинск жылу электр орталығын аралады.
Пресс-тур барысында энергетикалық нысандардың техникалық жағдайы, жөндеу жұмыстарының нәтижесі, жаңа жабдықтарды орнату және электр мен жылу энергиясын өндіру қуатын арттыру жобалары таныстырылды.
«Гиперборея»: өңірдегі жел энергетикасының жаңа нысаны
Пресс-турдың алғашқы нысаны – Осакаров ауданындағы «Гиперборея» жел электр станциясы. 2026 жылы пайдалануға берілген нысанда жалпы қуаты 150 МВт болатын 21 жел турбинасы орнатылған.

Станцияны салу үшін 99,25 гектар жер бөлінген. Оның аумағына жел энергетикалық қондырғылары, қосалқы станция, электр беру желілері мен кірме жолдар кіреді.

Станция іске қосылғаннан бері 547,9 млн кВт·сағат электр энергиясын өндірген. 2026 жылы орташа айлық өндіріс көлемі шамамен 33,5 млн кВт·сағат болады деп жоспарланған. Мұнда 20 тұрақты жұмыс орны құрылған.
Жел қондырғыларының жұмысын басқару мен бақылау автоматтандырылған жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Жабдықтар өңірдің климаттық ерекшеліктеріне, соның ішінде төмен температура мен секундына 21 метрге дейінгі жел жылдамдығына бейімделген.
Қарағанды 3-ЖЭО: қуаттылықты арттыру жобасы
Келесі нысан – Қарағанды 3-ЖЭО. Мұнда станцияны кеңейту жобасы аясында №9 қазан агрегаты мен №7 турбоагрегаттың құрылысы жүріп жатыр.
«Қарағанды 3-ЖЭО-ны кеңейту жобасы станцияның электр қуатын 140 МВт-қа, ал жылу қуатын сағатына 180 Гкал-ға арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында жаңа №9 қазандық агрегаты мен №7 турбоагрегат салынады. Құрылысты 2028 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған», – деді «Қарағанды Энергоорталығы» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.

Жаңа энергоблокта түтін газдарын тазартудың көпсатылы жүйесі қарастырылған. Оның құрамына электрофильтрлер, әктасты дымқыл күкіртсіздендіру және селективті каталитикалық қалпына келтіру жүйелері кіреді. Жобаны 2028 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.

Қарағанды 3-ЖЭО директорының орынбасары Мырзахан Ахметовтің айтуынша, жаңа қазан агрегаты мен турбоагрегат станцияның электр және жылу энергиясын өндіру мүмкіндігін арттырып, қаланың одан әрі дамуына қажетті қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жаңа құрылысқа қоса, станцияда қысқы маусымға дайындық аясында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, екі қазан агрегаты мен бір турбинаға күрделі жөндеу, бір қазан агрегаты мен бір турбинаға кеңейтілген ағымдағы жөндеу жасалған. Бұдан бөлек, бес қазан агрегаты мен төрт турбинаға ағымдағы жөндеу жүргізілген.
«Жаңа Майқұдық»: тұрғын аудандарға қосымша қуат
Қарағандыдағы келесі нысан – 110/10 кВ кернеулі «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясы. Ол Майқұдық шағын аудандарын электр энергиясымен қамту мүмкіндігін кеңейту үшін салынған.
Жаңа станция 24 МВА қосымша қуат береді. Бұған дейін қолданыстағы қосалқы станцияларға түсетін ең жоғары жүктеме 16 МВА болған. Жоба аясында 10 кВ кернеулі 35,7 шақырым кабельдік электр беру желісі де қайта жаңартылған.

Қосалқы станцияда екі күштік трансформатор орнатылған. Электрмен жабдықтаудың резервтік жүйесі екі тізбекті желі мен екі трансформатор арқылы қамтамасыз етіледі. Жаңғырту жұмыстары 11а, 12, 13, 14, 16 және 17-шағын аудандардың электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған.
«Қарағанды Жарық» ЖШС бас директоры Дидар Ахмадиннің түсіндіруінше, жаңа қосалқы станция Майқұдықтағы электр желісіне түсетін жүктемені азайтып, тұрғын аудандардың әрі қарай дамуына қажетті инфрақұрылымдық мүмкіндік қалыптастырады.
Шахтинск ЖЭО: станция мен жылу желілері жаңартылып жатыр
Пресс-турдың соңғы нысаны – Шахтинск жылу электр орталығы. 1964 жылы пайдалануға берілген станция қаланы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді.

Кәсіпорынның белгіленген жылу қуаты сағатына 141,6 Гкал болса, қолда бар қуаты 113,9 Гкал/сағатты құрайды. Электр қуаты – 18 МВт. Станция 37,8 мың тұрғынды, 294 көпқабатты және 726 жеке тұрғын үйді, сондай-ақ 19 әлеуметтік және 401 өзге нысанды жылумен қамтамасыз етеді.

2026 жылы станцияның №3 және №4 қазан агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізілген. Бұған дейін №1 және №2 турбиналар да күрделі жөндеуден өткен.
2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша Шахтинск ЖЭО-ның техникалық жағдайы жақсарып, станция тәуекелдің қызыл аймағынан сары аймағына ауысқан. Бұл жөндеу және жабдықтарды жаңарту жұмыстарының нәтижесі ретінде көрсетілді.
Сонымен қатар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Молодежная көшесінің бойындағы 2,7 шақырым магистральдық жылу желісін қайта жаңарту жоспарланған. Бұған дейін осы бағыттағы 2,5 шақырым учаске жаңартылған.
Қарағанды облысының энергетикасына инвестиция
Пресс-тур материалдарында өңірдегі электр желілерін жаңғырту жұмыстары да қамтылды. «Қарағанды Жарық» ЖШС 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы бойынша жалпы көлемі 14,82 млрд теңге болатын жобаларды іске асыруда. Бұл сомаға қосылған құн салығы кірмейді.

Қаржының 12,416 млрд теңгесі негізгі инвестициялық бағдарламаға, 1,509 млрд теңгесі «Инвестицияға айырбастау тарифі» бағдарламасына, ал 899,04 млн теңгесі энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасына бағытталған.
Жылдық жоспар бойынша 154,64 шақырым электр желісі мен 62 бірлік жабдықты жаңғырту көзделген. Оның ішінде Қарағанды қаласында 103 шақырым желі мен 39 жабдық, облыстың өзге аумақтарында 51,64 шақырым желі мен 23 жабдық жаңартылмақ.
Компанияның негізгі инвестициялық жобалары қатарында «Болашақ» қосалқы станциясын салу, «Қарағанды» және «Федоровка» қосалқы станцияларын реконструкциялау, «Сарань» қосалқы станциясының әуе желісін жаңарту бар. Сонымен бірге 6–10 кВ электр желілеріне мониторинг жүргізуге арналған SCADA аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізу жоспарланған. Жобаға 1,41 млрд теңге қарастырылған.
Жөндеу жұмыстары Қарағанды қаласының ЖБИ және Жаңа Майқұдық аудандарын, Саран қаласының Ақтас кентін, Бұқар жырау ауданының бірқатар елді мекендерін қамтиды.
Өңірдің қысқы маусымға дайындығы
Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті өңірдегі энергетикалық нысандардың қысқы кезеңге дайындығын тұрақты бақылауда ұстайды. Мониторинг кезінде қазандықтар мен турбиналардың техникалық жағдайына, негізгі және қосалқы жабдықтардың жұмысына, жылу және электр желілерінің жай-күйіне басымдық беріледі.
Департамент басшысы Айрат Карамурзиннің айтуынша, Қарағанды облысындағы үш электр станциясы тәуекелдің қызыл аймағынан сары және жасыл аймақтарға ауысқан. Бұл станциялардың техникалық жағдайын жақсарту бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
2026 жылғы жөндеу науқаны аясында облыста 1 231,86 шақырым электр тарату желісі жөнделген. Бұған қоса, 23,7 шақырым жылу желісіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 13 шақырым жылу желісі қайта жаңартылған.
Өңірдің электр станциялары мен қазандықтарындағы көмір қоры 1 млн 695 мың 565 тоннаны, мазут қоры 15 мың 33 тоннаны құрайды.
Жүргізіліп жатқан жөндеу және жаңғырту жұмыстарының негізгі мақсаты – энергетикалық жабдықтардың сенімділігін арттыру, апаттық жағдайлардың алдын алу және тұрғындарды қыс бойы үздіксіз электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету.