Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстанның еңбек нарығынан 1 млрд теңгеге жуық заңбұзушылық анықталды

Қазақстанның еңбек нарығынан 1 млрд теңгеге жуық заңбұзушылық анықталды
Фото: ЖИ

Жоғары аудиторлық палата Қазақстандағы еңбек нарығын мемлекеттік реттеу, халықты жұмыспен қамту және еңбек көші-қоны саласына жүргізілген аудитті аяқтады. Тексеру 2023 жылдан 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына дейінгі кезеңді қамтыды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Осы аралықта елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан 4,6%-ға дейін төмендеген. Алайда аудиторлар жұмыспен қамту саясатын іске асыруда бірқатар жүйелі мәселе барын анықтады.

Палатаның мәліметінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың орындалуын толық бақыламаған. Кейбір іс-шаралар есепте орындалды деп көрсетілгенімен, оның нақты нәтижесі расталмаған.

Сонымен қатар қолданыстағы әдістеменің ескіруі және қажетті деректердің жеткіліксіздігі ел экономикасына қанша әрі қандай маман қажет екенін сапалы болжауға мүмкіндік бермей отыр.

2025 жылы аудиторлар қарастырған жұмыспен қамту шараларына 163 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 89%-ы субсидияланатын жұмыс орындарына бағытталса, кәсіби оқытуға небәрі 2%-ы жұмсалған.

Аудит барысында қоныс аударушылар мен қандастардың кейінгі жағдайына қатысты бақылаудың да әлсіз екені белгілі болды. Мемлекеттік органдар олардың жұмысқа орналасқанын, қабылдаушы өңірде тұрақтап қалғанын және өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүргенін толық қадағаламаған.

Бұдан бөлек, жұмыспен қамтуға қатысты кейбір статистикалық деректердің шынайылығына күмән келтірілген. Мүгедектігі бар азаматтарды, жетім балаларды және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесі де әлі толық шешілмеген.

Аудит қорытындысында 471 млн теңгенің қаржылық заңбұзушылығы және 519 млн теңгенің тиімсіз жоспарланғаны анықталды. Сондай-ақ 476 рәсімдік бұзушылық пен 91 жүйелі кемшілік тіркелді.