Зейнетақы ақшасын жеке компаниялар басқарады: Қазақстанда не өзгермек?

Зейнетақы ақшасын жеке компаниялар басқарады: Қазақстанда не өзгермек?
ЖИ

Қазақстанда 2030 жылға қарай зейнетақы активтерінің 20-30%-ын отандық жеке компаниялардың басқаруына беру жоспарланып отыр. Бұл бастама Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп әзірлеген капитал нарығын дамыту бағдарламасында қарастырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов халықаралық инвесторлармен кездесу барысында мәлімдеді.

Бағдарламаға сәйкес, Ұлттық банк зейнетақы активтерінің бір бөлігін лицензиясы бар жеке басқарушы компанияларға кезең-кезеңімен беруді жоспарлап отыр. Компаниялар конкурстық негізде іріктеледі.

Алғашқы кезеңде жеке басқарушыларға мемлекеттік бағалы қағаздар портфелін сенімгерлік басқаруға беру көзделген.

Жеке компанияларға тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және ақпаратты ашу бойынша бірыңғай талаптар қойылады. Сонымен қатар зейнетақы активтері басқарушы ұйымдардың өз қаражатынан бөлек есепке алынып, тәуелсіз кастодианда сақталады.

Жоспар бойынша 2030 жылға қарай отандық жеке компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің үлесі 20-30%-ға жетуі тиіс.

Бұл өзгеріс не үшін қажет?

2030 жылға дейінгі капитал нарығын дамыту бағдарламасы Қазақстандағы қор нарығын жетілдіруге және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.

Атап айтқанда, бағдарлама аясында отандық бизнестің қаржы тарту мүмкіндіктерін кеңейту, бағалы қағаздарға деген сұранысты арттыру, қор нарығының өтімділігін ұлғайту және инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту көзделген.

Сондай-ақ зейнетақы активтерін басқару саласында бәсекелестікті дамыту жоспарланып отыр.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары не болады?

Жоспарланған өзгерістер зейнетақы жинақтарын жеке компаниялардың меншігіне беру дегенді білдірмейді. Компанияларға активтердің белгілі бір бөлігін инвестициялық тұрғыдан басқару құқығы ғана беріледі.

Бұл ретте зейнетақы қаражаты басқарушы ұйымдардың меншікті активтерінен бөлек сақталады.

Осылайша, зейнетақы жинақтары бұрынғыдай зейнетақы активтері болып қала береді. Алайда олардың бір бөлігіне қатысты инвестициялық шешімдерді лицензиясы бар жеке басқарушы компаниялар қабылдайды.

Жаңа тәсіл отандық капитал нарығын дамытуға және зейнетақы активтерін басқаруға кәсіби қатысушыларды көбірек тартуға бағытталған.