Қазақстанда баласы 1,5 жасқа толмай жұмысқа шыққан әйелдердің бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемі сақталады. Сонымен қатар бала тууына байланысты бюджеттен төленетін жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі ескеріледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кемінде екі жыл қатысқан әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем отбасының әл-ауқат санатына қарамастан сақталады.
Ал республикалық бюджет есебінен берілетін жәрдемақыларды тағайындау тәртібі өзгереді. Атап айтқанда, жұмыс істемейтін әйелдерге төленетін бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы мен бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі ай сайынғы жәрдемақы отбасының мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады.
"Жұмыс істемейтін әйелдерге берілетін екі төлем де республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Бұл – бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы және бала 1,5 жасқа толғанша берілетін ай сайынғы жәрдемақы. Екі төлем де мұқтаждық деңгейіне орай тағайындалады. А және В санаттарындағы отбасыларға аталған жәрдемақылар тағайындалмайды. С, D және Е санаттарындағы отбасылардың төлемдерді алу құқығы сақталады", – деді министр.
Жұмысқа ерте шыққан аналардың төлемі сақталады
Асқарбек Ертаев әйелдердің еңбек нарығына қайта оралуына кедергі келтіретін тағы бір шектеудің алынып тасталғанын айтты.
Бұған дейін әйел бала күтімі демалысын аяқтап, баласы 1,5 жасқа толмай жұмысқа шыққан жағдайда әлеуметтік төлем тоқтатылатын. Енді мұндай жағдайда төлем белгіленген мерзім аяқталғанға дейін жалғасады.
"Енді әйелге жұмысқа оралу мен әлеуметтік төлемді сақтап қалудың бірін таңдаудың қажеттілігі болмайды. Жүктілікке және босануға байланысты төлем отбасының санатына қарамастан бұрынғы тәртіппен сақталады", – деді Асқарбек Ертаев.
Осылайша, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан жұмыс істейтін аналардың төлемдері отбасының әл-ауқат деңгейіне тәуелді болмайды. Ал бюджеттен қаржыландырылатын жәрдемақыларды тағайындауда отбасының әлеуметтік жағдайы ескеріледі.