"Маңдайымнан сүйіп, еңсемді көтереді": Мөлдір Мұқанова жан сырын ақтарды

"Маңдайымнан сүйіп, еңсемді көтереді": Мөлдір Мұқанова жан сырын ақтарды
Мөлдір Мұқанова. Фото: ашық дереккөзден

Танымал әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқанова әлеуметтік желідегі парақшасында әсерлі жазба жариялап, өзіне қолдау білдіріп жүрген халыққа алғысын айтты. Өнер иесі көпшіліктің ыстық ықыласы мен ақ тілектері өміріне ерекше күш беретінін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мөлдір Мұқанова соңғы уақытта қайда барса да, үлкендердің батасын алып, қатарластары мен жастардың құрметіне бөленіп жүргенін жазды. Оның айтуынша, қарапайым адамдардың шынайы ықыласы көңілін көтеріп, өзіне деген сенімін арттырады.

Әнші әсіресе әлеуметтік желідегі оқырмандарына ерекше ризашылығын білдірді.

"Сәби Мөлдір, ерке Мөлдірді оятқан әрбір оқырманыма алғыс айтамын, рас сіздер еркелеткенде өзімді бөпе, сәби сезінемін. Білсеңіздер ғой, сіздерді қалай жақсы көретінімді. Қай жаққа барсам да үлкендер маңдайымнан сүйіп, арқамнан қағып еңсемді көтеріп жібереді. Қатарлас құрбыларым шайға шақырып, сыйлықтарын сыйлап кеуделеріне қысып құшақтап жатады. Кішілер де суретке түсіп, сыйлап, құрмет көрсетіп жатады.

Инстаоқырмандарым, сіздер тіпті ерекшесіздер. Маған беріп отырған баталарыңыз қабыл болсын. Жақсы тілектеріңіз мені керемет қанаттандырып жүр. Абырой Алладан әрине. Мені осылай жаратты, осы бар болмысыммен қабылдағандарыңыз үшін, кең жүректеріңіз үшін рақмет айта бергім келеді.

Ана ретінде, адам ретінде еліме пайдам тисе, құнды қызмет жасасам деген ниетімді, Жаратушым қабыл ете гөр!" – деп жазды өнер иесі.

Мөлдір Мұқанова өзін бар болмысымен қабылдап, қолдау көрсетіп жүрген жандардың әрқайсысына ризашылығын жеткізді.