Ақтөбеде белгілі дәрігер, «Құрмет» орденінің иегері 53 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды

Ақтөбеде белгілі дәрігер, «Құрмет» орденінің иегері 53 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды
pixabay.com

Ақтөбеде қалалық №3 емхананың бұрынғы бас дәрігері Жәнбек Нармұхамедов алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Ол іс жүзінде көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (ӘМСҚ) 53 миллион теңгеден астам қаражат алған, деп хабарлайды dalanews.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, Жәнбек Нармұхамедов «Медина Клиник» ЖШС медициналық мекемесінің иесі болған. Аталған клиника тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржы алып отырған.

Тергеу мәліметінше, дәрігер клиниканы туысының сенімгерлік басқаруына берген. Кейін туысы мен клиника директорының тиісті мәселелерден жеткілікті хабардар еместігін пайдаланып, басқа медициналық мекемелердің жолдамасымен қызмет алған пациенттер туралы ақпаратты зерттеген.

Осылайша, ол ӘМСҚ қаражатын жымқырудың жолын ойластырған. Атап айтқанда, DamuMed ақпараттық жүйесіне көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтер енгізген. Соның негізінде қор клиникаға ақша аударып отырған.

Тергеу дерегінше, осындай заңсыз әрекеттер арқылы 53 миллион теңгеден астам қаражат жымқырылған. Алынған ақшаны айыпталушы жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Сот барысында Жәнбек Нармұхамедов кінәсін толық мойындап, мемлекетке келтірілген шығынды түгел өтеген. Осыдан кейін прокуратурамен процестік келісім жасасқан.

Сот үкімімен дәрігерге шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Жәнбек Нармұхамедов медицина саласында 40 жылдан астам еңбек еткен. Оның 14 жылын Ақтөбедегі №3 қалалық емхананың бас дәрігері қызметінде өткізген.

Ол осы емханада көз микрохирургиясының амбулаториялық орталығын ашқан. Сондай-ақ коронавирус пандемиясы кезінде ауруханаларда орын тапшылығы туындаған тұста емхана базасында стационар ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған.

Жәнбек Нармұхамедов «Құрмет» орденімен марапатталған.