Қарағандыда 37 млн теңгеден астам қаржы жымқырған бухгалтер 7,5 жылға сотталды

Қарағандыда 37 млн теңгеден астам қаржы жымқырған бухгалтер 7,5 жылға сотталды
gov.kz

Қарағандыда кәсіпорынның 37 млн теңгеден астам қаражатын жымқырған бас бухгалтер 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қарағанды облыстық сотының мәліметінше, әйел 2017–2022 жылдар аралығында қызметтік өкілеттігін пайдаланып, кәсіпорынның ақшасын иемденген. Апелляциялық алқасы қорғаушылардың шағымдарын қарап, бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Тергеу материалдарына сәйкес, бухгалтер жұмыс компьютерінде жалған электрондық банк үзінділерін жасап, құжаттардан контрагенттердің деректерін алып тастаған. Ол ақшаны азық-түлік пен компьютерлік қызметтер үшін төлем ретінде көрсетіп, жалған жеке кәсіпкерлер мен серіктестіктердің шоттарына аударған.

Кейін бұл ұйымдардың өкілдері бухгалтердің өтініші бойынша ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, көмектері үшін 3 пайызын ұстап қалған. Қалған соманы әйелге қайтарып отырған. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 37 млн 188 мың 646 теңгені құрады.

Қазыбек би аудандық соты 2026 жылғы 10 шілдеде әйелді аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті қызмет бабын пайдаланып иемденгені үшін кінәлі деп таныған.

Сот бухгалтерді орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуге жіберіп, бес жыл бойы бухгалтерлік және ұйымдардың қаржысын бөлуге байланысты қызметпен айналысуға тыйым салды. Жәбірленушінің азаматтық талабы толық қанағаттандырылып, сотталған әйелден келтірілген шығын өндірілетін болды.

Үкім заңды күшіне енді.