Ер адам декретке шықса да, төлем анасына тағайындалады

Ер адам декретке шықса да, төлем анасына тағайындалады
Ашық дереккөз

Қазақстанда ер адамдар бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанымен, декреттік төлемді тек баланың анасы алады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

«Заң бойынша декреттік төлемді тек аналар алады. Себебі жәрдемақының атауы мен мақсаты өзгеріп, енді ана болуға байланысты төлем деп аталады. Ол ана мен балаға, ананың денсаулығын қалпына келтіруге және оны қолдауға бағытталған. Ер адам бала күтімімен айналысып, декреттік демалысқа шыға алады, бірақ төлем алмайды. Жәрдемақы тек анасына беріледі», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жұма күні ОКҚ-да өткен брифингте.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры басқармасының төрағасы Алмас Құрмановтың айтуынша, егер ер адам баланың қамқоршысы болса, оған төлем алу мүмкіндігі беріледі.

«Егер қандай да бір себеппен баланы ер адам тәрбиелеп, оның қамқоршысы болса, ол төлем алады. Ал отбасы толық болған жағдайда төлем анасына тағайындалады. Ер адам декреттік демалысқа шыға алады, бірақ ақша анасына аударылады», – деп түсіндірді ол.