Қызылордада бес айлық баланы қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші үш тәуліктен бері ұсталмаған. Қаза болған сәбидің нағашысы, каратэден әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай күдіктіні тауып, жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін 13 қазанда Mitsubishi Lancer көлігінің жүргізушісі қоларбадағы баласымен келе жатқан 26 жастағы әйелді қағып, оқиға орнынан кетіп қалғаны хабарланған. Салдарынан бес айлық сәби ауруханада көз жұмды, ал анасының жағдайы өте ауыр.
Мөлдір Жаңбырбайдың айтуынша, оның келіні Шанхай шағынауданындағы Күлтегінов көшесімен баласын серуендетіп жүрген. Спортшының сөзінше, бұл жерде толыққанды жаяу жүргіншілер жолы болмағандықтан, әйел жол жиегімен жүруге мәжбүр болған.
Оның айтуынша, көлік жоғары жылдамдықпен қарсы бағытқа шығып, әйел мен қоларбаны қағып кеткен.
«Келінімнің жарақаты өте көп. Сол жақ денесінің бұғана тұсынан бастап өкшесіне дейін сүйектері сынған. Жамбас сүйектері мен бас сүйегі зақымданған, қан құйылған. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр», – деді Мөлдір Жаңбырбай.
Спортшының сөзінше, отбасы жүргізушіні іздеу жұмыстарының созылып кеткеніне алаңдайды. Оның айтуынша, жол апатынан бері үш тәулікке жуық уақыт өтсе де, күдікті әлі ұсталмаған.
Жаңбырбай жүргізушінің көлікті әйелінің атына тіркелген автокөлікпен басқарғанын, ал өзінің жүргізуші куәлігінен айырылғанын айтты. Сондай-ақ отбасы оның бұған дейін де басқа жол апаттарына қатысы болуы мүмкін екенін естіген. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмаған.
«Оның кім екені анықталған, әйелінің де, ата-анасының да мекенжайлары белгілі. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар да бар. Бірақ ешқандай ақпарат жоқ. Біз өзіміз қайта-қайта қоңырау шалып, жағдайды білуге мәжбүрміз», – деді ол.
Марқұмның туыстары күдікті бой тасалап, жауапкершіліктен жалтарып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Олар жүргізушіні тауып, істі объективті тергеуді талап етіп отыр.
Бұған дейін Қызылорда облысының полиция департаменті адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы және оқиға орнынан кетіп қалу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалғанын хабарлаған. Полиция күдіктінің жеке басын анықтап, қала шыға берістеріндегі бақылауды күшейткен.