Жангелдиндегі қанды оқиға: Ақбаян Мұқанғалиеваның бес баласын қайын жұртына беріп жіберуі мүмкін

Жангелдиндегі қанды оқиға: Ақбаян Мұқанғалиеваның бес баласын қайын жұртына беріп жіберуі мүмкін
Ақбаян Мұқанғалиева. Видеодан кадр: ІІМ

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында болған қайғылы оқиғадан кейін оңалту курсынан өтіп жатқан Ақбаян Мұқанғалиеваның туыстары оның бес баласының болашағына алаңдап отыр. Жақындары әйел әрекетке қабілетсіз деп танылған жағдайда балалар бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасының қамқорлығына берілуі мүмкін деп қауіптенеді, деп хабарлайды Mgorod.kz.

Қазіргі уақытта Ақбаянның төрт баласы «Шаңырақ» балалар ауылында тәрбиеленіп жатыр. Ал кенже баласы сәбилер үйіне орналастырылған. Ақбаянның өзі туысының қолында тұрып, денсаулығын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда.

Жақынының айтуынша, әйел күнделікті тұрмыстағы кейбір шаруаларды өздігінен атқара бастаған. Дегенмен оған әлі де ұзақ уақыт емделу және мамандардың көмегі қажет.

«Ол өзіне күтім жасай алады, үй шаруасына көмектеседі. Ұсақ моториканы дамытуға арналған арнайы сабақтарға қатысып жүр. Бұл жаттығулар мидың жұмысына, ойлау қабілетіне және өз бетінше әрекет етуіне әсер етеді. Ақбаянға бірінші топтағы мүгедектік берілген, зейнетақы алады, бірақ бұл қаражат жеткіліксіз. Оған деменция диагнозы қойылған. Кей жағдайда әлі де көмек қажет. Балаларын ұмытқан жоқ, оларды қатты жақсы көреді. Біз оның балаларымен кездесіп тұруына жағдай жасауға тырысамыз», – дейді туысы.

Балаларын қайын жұрты алып кетуі мүмкін

Ақбаянның жақындарын алаңдатып отырған басты мәселе – бес баланың алдағы тағдыры. Олар әйел толық оңалып, балаларымен қайта қауышады деп үміттенеді.

Алайда Ақбаян сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылса, балалардың қамқорлығы бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасына берілуі мүмкін деп қорқады.

Туыстарының сөзінше, Ақбаян балаларымен аптасына бір рет қана кездесе алады. Ал Сұлтанның ата-анасы жұма сайын балаларға барып тұрады.

«Олар белгіленген уақыттан бір сағат бұрын келіп алады. Соның салдарынан біз балаларға әрдайым кіре алмай қаламыз. Ақбаян олармен кездесіп қалады ма деп те алаңдаймыз. Дегенмен балалар болған жағдайға қарамастан атасы мен әжесін жақсы көреді», – дейді туысы.

Ақбаян ата-анасы мен бауырларының қаза тапқанын білмейді

Жақындарының айтуынша, Ақбаян әлі күнге дейін ата-анасы, ағасы мен әпкесінің қайтыс болғанынан хабарсыз.

Ол кейде Жангелдин ауылына барып, туған-туыстарымен кездескісі келетінін айтады. Мұндай сәттерде жақындары оның назарын балаларына аударуға тырысады.

Туыстары қайғылы шындықты есту Ақбаянның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді.

Ал бұрынғы күйеуі туралы сұрамайды. Оның есінде тек ажырасқандары қалған.

Жангелдиндегі үйдің тағдыры да шешілмеген

Қайғылы оқиғадан кейін Ақбаян ата-анасынан қалған үйдің жалғыз мұрагері болып отыр.

Туыстары бұл баспананы сатқысы келеді. Өйткені отбасы мүшелері қаза тапқан үйде Ақбаян мен балаларының тұруын қаламайды.

Алайда мұраны рәсімдеу үшін әйелге ата-анасының қайтыс болғанын айту қажеттігі туындаған.

«Біздің жалғыз тілегіміз – балалардың анасымен бірге өмір сүруі. Ол үйде олар тұра алмайды. Бірақ үйді сату үшін алдымен мұраны Ақбаянның атына рәсімдеу керек. Ол үшін болған жағдайдың бәрін айтуға тура келеді. Біз оның денсаулығына қатты алаңдаймыз. Ол енді ғана оңала бастады. Мұндай хабар оған ауыр соққы болуы мүмкін», – дейді жақыны.

Ақбаянның туыстары халықтан көмек сұрады

Қазір Ақбаянның денсаулығын қалпына келтіру үшін психологтар мен психотерапевтердің көмегі қажет. Отбасы ақылы мамандарға жүгініп жүргенімен, емдеу шығындары айтарлықтай қаржылық қиындық туғызған.

Сондықтан жақындары қазақстандықтардан материалдық қолдау сұрап отыр.

Олардың басты мақсаты – Ақбаянның денсаулығын жақсартып, өздігінен өмір сүруіне мүмкіндік жасау және болашақта бес баласымен қайта қауышуына жағдай туғызу.

Айта кетейік, Жангелдиндегі резонансты қылмыс бойынша Ақбаянның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиев оның ата-анасы, ағасы мен әпкесін өлтіргені үшін сотталған.

Балаларды басқа адамдардың қамқорлығына беру туралы түпкілікті шешім қабылданғаны жөнінде ақпарат жоқ. Әзірге бұл – Ақбаянның туыстары білдірген алаңдаушылық.