17 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Кей өңірлерде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ, тұман және шаңды дауыл күтіледі. Ал Алматы мен оңтүстік-шығыс облыстарда түнде үсік жүреді, деп хабарлайды dalanews.kz Қазгидрометке сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, 17-18 қазанда Жетісу облысында солтүстік-шығыстан жел соғады. Алакөл көлдері ауданында желдің жылдамдығы 15-20 м/с, кей уақыттарда екпіні 23-28 м/с дейін жетеді. Сондай-ақ 17-20 қазан аралығында облыстың шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. 17 қазанға қараған түні өңірде 3-8 градус үсік күтіледі.
Алматы қаласында 17 қазанға қараған түні топырақ бетінде 1-3 градус, ал Алматы облысында ауа температурасы 1-6 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін.
Абай облысының батысында, солтүстігінде және орталығында күндіз жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Түнде және таңертең кей аудандарда тұман түседі. Желдің екпіні 15-20 м/с жетеді.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында түнде қар жауып, көктайғақ күтіледі. Күндіз жаңбыр аралас қар жаууы мүмкін. Облыстың бірқатар ауданында тұман түсіп, жел 15-20 м/с дейін күшейеді.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде жаңбыр мен қар жауады. Оңтүстік аудандарда көктайғақ, ал батыс, солтүстік және оңтүстік бөліктерінде тұман күтіледі. Желдің жылдамдығы кей жерлерде 15-20 м/с жетеді.
Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында аздаған жаңбыр жауады. Күндіз найзағай ойнап, шаңды дауыл соғуы мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. Өңірдің бірқатар бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау және Атырау облыстарында шаңды дауыл күтіледі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді. Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысында күндіз батыс және оңтүстік аудандарда желдің екпіні 15 м/с болады. Облыстың батысында, оңтүстігінде және орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с, кей уақытта екпіні 23-28 м/с жетеді. Түнде облыстың батысы мен шығысында 2 градус үсік күтіледі.
Қызылорда облысының шығысы мен орталығында күндіз шаңды дауыл соғады. Желдің екпіні 15-20 м/с жетеді. Облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысының таулы аудандарында тұман түседі. Түнде және таңертең батыс, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Шымкент қаласында да түнде желдің екпіні 15-20 м/с болады.
Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Қостанай облыстарының бірқатар аудандарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Қарағанды облысының батысында, сондай-ақ Ұлытау облысының батысында, орталығында және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысында тұман түседі. Күндіз облыстың батысы мен оңтүстігінде желдің екпіні 15-20 м/с жетеді.
Қазгидромет тұрғындарға ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтауға кеңес береді. Әсіресе көктайғақ, қатты жел мен тұман кезінде жолда абай болған жөн.