Қазіргі таңда әрбір төртінші-бесінші қазақстандықта семіздік кездеседі, ал артық салмақ құрсақішілік қысымды арттырып, асқазан қышқылы өңешке қайта түсетін ГЭРА дертіне әкеледі. Бұл туралы Алматы қалалық №29 емхананың дәрігер-гастроэнтерологы, профессор Жанар Намазбаева айтып берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Маманның айтуынша, гастроэзофагеальді рефлюкс ауруы (ГЭРА) – төменгі өңештік сфинктердің әлсіреуінен асқазандағы тағамның өңешке қайта түсуі немесе асқазан қышқылының өңештің шырышты қабатын тітіркендіруінен дамитын кең таралған ауру.
Ауруды не қоздырады?
ГЭРА дамуына өңештік және өңештен тыс факторлар әсер етеді. Өңештік себептер қатарында төменгі сфинктердің әлсіреуі мен диафрагмалық өңеш сфинктерлеріне қатысты жағдайлар аталады.
Өңештен тыс себептердің қатарына:
- майлы, қышқыл, тұзды және ащы тағамдарды жиі тұтыну;
- темекі шегу мен алкогольді ішімдіктер;
- кофе, шоколад және газдалған сусындарды көп ішу;
- артық салмақ пен семіздік, жүктілік, сондай-ақ басты ұзақ уақыт еңкейтіп жүру жатады.
Қандай белгілер назар аудартуы керек?
Аурудың негізгі белгілері – қыжыл, жөтел және кекіру. Сонымен қатар өңештен тыс көріністер де жиі кездеседі:
- төс артындағы және арқадағы ауру сезімі (кей жағдайда жүрек ауруларының белгілеріне ұқсауы мүмкін);
- тұз қышқылы буының әсерінен ауыз қуысындағы өзгерістер (стоматит, гингивит);
- жұтынудың қиындауы (дисфагия) немесе жұтынған кезде ауру сезімінің пайда болуы (одинофагия).

Тексеру және емдеу тәсілдері
Дәрігер алдымен науқастың шағымдарын тыңдап, қарап тексереді, содан кейін зертханалық талдауларға (қан және биохимиялық талдау) жолдайды. Диагнозды нақтылаудың алтын стандарты — гастроскопия. Бұл әдіс шырышты қабаттың жағдайын және аурудың дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді.
Маманның сөзінше, ем нәтижесінің 90 пайызы науқастың дәрігер ұсыныстарын қаншалықты нақты орындайтынына байланысты. Сол себепті өмір салты мен тамақтану тәртібін реттеу аса маңызды:
- күніне 4–5–6 рет аз-аздан жиі тамақтанып, тойып жемеу;
- тамақ ішкеннен кейін 2–3 сағат өткен соң ғана жату;
- тамақтан кейін 5–10 минут сағыз шайнау;
- ұйықтағанда белден басталатын сына тәрізді (клиновитті) жастық қолдану;
- майлы, қуырылған, тұзды, ащы, тәтті тағамдарды, газдалған өнімдерді, мед, томат, шоколад, темекі және алкогольді шектеу.
Консервативті дәрі-дәрмектік емде бірінші кезекте протонды помпа ингибиторлары (рабепразол, пантопразол, эзомепразол), сондай-ақ прокинетиктер мен H2-гистаминді рецептор блокаторлары қолданылады.
Уақытылы емделмесе не болады?
«ГЭРА-ны уақытылы емдемеу және тексерілмеу ауыр асқынуларға, соның ішінде Баррет өңеші мен өңештің қатерлі ісігіне әкелуі мүмкін», – деді Жанар Намазбаева.