Алматыдағы Вахтангов көшесінде болған жантүршігерлік өрттен бес адам қаза тапты. Олардың арасында 2017 жылы туған қыз бала бар. БАҚ пен әлеуметтік желіде "өрт қасақана қойылған болуы мүмкін" деген нұсқа да айтылып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өрт 26 қарашаға қараған түні Вахтангов көшесіндегі сегіз бөлмелі жеке үйден шыққан. Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, онда үй иелері - әкесі мен баласы, сондай-ақ, бөлмелерді жалдап тұратын бірнеше отбасы тұрған.
"Өрт түнгі сағат үш жарым шамасында басталған. Бірнеше минуттан кейін үйде ұйықтап жатқан адамдар дауысты естіген. Алдымен үй иелері оянып, сыртқа жүгіріп шыққан. Олар басқа тұрғындарды да оятуға тырысқан. Өртсөндірушілер шақыртуға жедел жеткен. Жалынды тез арада оқшаулап, бір сағаттың ішінде толық сөндірген. Алайда бес адам үйден шығып үлгермеген. Қазір құқық қорғау органдары өрттің шығу себебін анықтап жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша өрт ошағы үй ішіндегі бөлмелердің бірінде болған. Арнайы құрылғы бензин тұтанғанын анықтаған. Бұдан бөлек, бейнебақылау камералары өртке дейін бірнеше минут бұрын үйге қара күртеше мен сұр бас киім киген әйел кіргенін түсіріп алған. Ол ғимарат ішінде небәрі бірнеше минут болған. Әйел шығып кеткеннен кейін көп ұзамай үйден түтін шыққан", - деп жазылған мәліметте.
Айта кетейік, әзірге бұл ақпарат ресми түрде расталмады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жеке үй өртеніп, бес адам көз жұмғаны хабарланды. Қаза тапқандар арасында бала да бар.
Қазір бес адамның өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.