«Қазатомөнеркәсіп» төңірегіндегі соңғы оқиғалар аясында инвесторлардың назары компания акцияларының биржадағы бағамына ауып отыр. Алайда компанияның ұзақ мерзімді даму әлеуетін бағалау үшін акция құнының қысқа мерзімді өзгерістеріне ғана емес, бизнестің экономикалық негізіне және әлемдік уран нарығындағы ахуалға да назар аудару қажет, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазіргі таңда атом энергетикасы дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа ядролық реакторлардың құрылысы, қолданыстағы атом электр станцияларының пайдалану мерзімін ұзарту, сондай-ақ деректер орталықтары мен жасанды интеллект технологияларының электр энергиясына деген сұранысының артуы ядролық отынға деген ұзақ мерзімді қажеттілікті күшейтіп отыр. Ал уран өндіру көлемін қысқа мерзімде ұлғайту мүмкіндігі шектеулі. Өйткені жаңа кен орындарын игеру қомақты инвестиция мен ұзақ уақытты талап етеді.
Мұндай жағдайда «Қазатомөнеркәсіптің» басты бәсекелік артықшылықтары – ауқымды минералдық-шикізат базасы, уран өндірудің төмен өзіндік құны және әлемнің жетекші энергетикалық компанияларымен жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттардың әртараптандырылған портфелі. Бизнестің осындай моделі өнімді өткізудің болжамдылығын қамтамасыз етіп, компанияның уран бағасындағы қысқа мерзімді ауытқуларға тәуелділігін төмендетеді.
Компания қызметінің тұрақтылығы да маңызды факторлардың бірі. «Қазатомөнеркәсіп» өндірістік қызметін штаттық режимде жалғастырып, 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдарын растады.
Алдағы кезеңде инвесторлар үшін негізгі бағдарлар компанияның жылдық қаржылық-экономикалық нәтижелері, 2027 жылға арналған өндірістік жоспарлары және әлемдік уран нарығындағы ахуалдың өзгеруі болмақ.
Қазіргі нарықтық құбылмалылыққа қарамастан, «Қазатомөнеркәсіптің» ұзақ мерзімді даму әлеуетін айқындайтын іргелі факторлар өз маңызын жоғалтқан жоқ.