Көмір департаментінің кәсіпорындарын техникалық қайта жарақтандыру жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында Qarmet конвейерлік көлікті бақылау және басқару жүйелерін жаңғыртуға кірісті. Заманауи жабдықтар шахталарда 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылған релелік жүйелерді алмастырады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Конвейерлік көлік көмір өндірудің технологиялық тізбегіндегі негізгі буындардың бірі саналады және көмірдің кенжарлардан үздіксіз тасымалдануын қамтамасыз етеді. Заманауи автоматтандыру жүйелерін енгізу жабдық жұмысының сенімділігін арттыруға, өндірістік тоқтап қалуды барынша азайтуға және өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қосымша деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

"Біз шахталарда пайдалану бойынша мол тәжірибесі бар компаниялардың жабдықтарын ғана таңдаймыз. Жоба аясында жеткізуші шеф-монтаж жұмыстарын жүргізеді, баптауға көмектеседі және мамандарымызды оқытады", – деді Qarmet көмір департаментінің автоматтандыру жөніндегі аға механигі Алексей Костливцев.

Жаңа басқару жүйесінің негізінде конвейерлердің жұмыс параметрлерін нақты уақыт режимінде бақылауға, датчиктердің сигналдарын өңдеуге және қорғаныс тетіктерінің жұмысын қадағалауға мүмкіндік беретін көпфункциялы шахталық контроллерлер жатыр. Ақаулар туындаған жағдайда олардың себептері туралы ақпарат автоматты түрде экранға шығарылады. Бұл ақауларды анықтау және жою уақытын едәуір қысқартады.

Жаңа жүйенің негізгі артықшылықтарының бірі – конвейерлік желілерді диспетчерлік пульттен, сондай-ақ жөндеу режимінде жекелеген тетіктерді қашықтан басқару мүмкіндігі.
Қазіргі уақытта Костенко атындағы шахтада Qarmet мамандары өндіруші зауыт өкілдерімен бірлесіп, арнайы дайындалған стендте жабдықты сынақтан өткізіп жатыр. Басқару алгоритмдері пысықталып, қорғаныс жүйелерінің тиімділігі тексеріліп, қызметкерлер оқытылуда. Сынақтар аяқталғаннан кейін жабдық тікелей жерасты қазбаларына орнатылады.

"Біз үшін бұл – басқарудың мүлде басқа деңгейі. Ақаулардың себептері туралы ақпарат экранға шығарылады, ал қашықтан басқару мүмкіндіктері мәселелерді жылдам анықтап, жоюға мүмкіндік береді. Болашақта бұл ескі релелік сызбаларға тән көптеген ақаудың алдын алуға көмектеседі", – деді Костенко атындағы шахтаның автоматика және байланыс учаскесінің механигі Андрей Седов.
Qarmet-тің барлық сегіз шахтасында конвейерлік көлікті басқарудың жаңа жүйелерін енгізуді 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру – технологиялық үдерістерді автоматтандыруға, өндіріс тиімділігін арттыруға және кеншілер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға бағытталған Qarmet көмір департаментін кешенді жаңғыртудың бір бөлігі.