Алматының Бостандық ауданында бес адамның өмірін қиған өртке қатысты жаңа деректер жарияланды. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға орнынан жанғыш заттың іздері табылған. Сондай-ақ өрт басталар алдында ғимаратқа кіріп-шыққан әйел бейнебақылау камерасына түскен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Басылым мәліметінше, қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың арасында 64 жастағы әйел, оның 41 жастағы қызы және 2017 жылы туған қыз бала бар. Сондай-ақ өрт кезінде Өзбекстанның екі азаматы көз жұмғаны хабарланды.
Өрт болған бөлмеден арнайы құрылғының көмегімен бензин іздері анықталған. Бұл жағдай өрттің қасақана қойылуы мүмкін деген болжамға негіз болған. Алайда өрттің нақты шығу себебі туралы тергеу органдарының түпкілікті қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.
Жарияланған мәліметте өрт басталардан бірнеше минут бұрын ғимаратқа белгісіз әйелдің кіргені айтылған. Ол қара күртеше мен сұр бас киім киген. Бейнежазбаға сәйкес, әйел ғимарат ішінде көп бөгелмей, қайта сыртқа шыққан. Көп ұзамай үйден түтін көтеріле бастаған.
Әйелдің жеке басы анықталған. Тергеушілер оның осы үйде тұрған ер адамдардың бірімен бұрын қарым-қатынаста болғаны туралы ақпаратты тексеріп жатыр.