Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Илон Маск АҚШ-тағы әр балаға SpaceX-тің екі акциясын беруге уәде етті

Илон Маск АҚШ-тағы әр балаға SpaceX-тің екі акциясын беруге уәде етті
ЖИ: Dalanews.kz

Әлемдегі ең бай кәсіпкерлердің бірі Илон Маск АҚШ-тағы әр балаға SpaceX компаниясының екі акциясын беретінін мәлімдеді. Оның бір акциясын компанияның өзі, екіншісін Маск жеке қаражатынан бөледі. Бұл туралы кәсіпкер X әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Маск бұл туралы егжей-тегжейлі ақпарат бермеген. Алайда оның мәлімдемесі SpaceX компаниясының америкалық балаларға акция үлестіру туралы бастамасынан кейін жарияланды.

Бұған дейін, 25 қарашада SpaceX белсенді Trump Accounts инвестициялық шоттарының әрқайсысына А класындағы бір жаңа акциядан бөлетінін хабарлаған. Илон Маск та компания сыйлайтын акция санымен тең мөлшерде өз акциясын қосатынын мәлімдеді.

SpaceX компаниясының хабарламасында бұл бастаманың мақсаты түсіндірілген. Компания өкілдерінің айтуынша, ғарыш инфрақұрылымын дамытып, адамзаттың Жерден тыс өмір сүруіне мүмкіндік беретін технологияларды жасап жатқан кәсіпорынның бір бөлігі келесі ұрпаққа да тиесілі болуы керек.

«Біз болашақ инфрақұрылымын жасап, өмірді Жерден тыс кеңістікте мүмкін етуге ұмтылып келеміз. Сондықтан осы технологияларды дамытып жатқан компанияның үлесі америкалықтардың келесі ұрпағына да тиесілі болуы керек деп санаймыз», – делінген SpaceX мәлімдемесінде.

Акциялар балаларға қашан беріледі?

Reuters агенттігінің хабарлауынша, SpaceX компания өз акцияларын 2026 жылдың желтоқсанында аудара бастамақ. Ал Масктың жеке акциялары оған қатысты сату шектеуі 2027 жылдың маусымында аяқталғаннан кейін берілуі мүмкін.

Дегенмен кәсіпкердің жеке акциялары барлық балаға дәл осы инвестициялық шоттар арқылы үлестіріле ме, әзірге белгісіз. Сондай-ақ акцияларды алудың нақты тәртібі мен талаптары толық жарияланған жоқ. Айта кетейік, Trump Accounts – АҚШ-тағы 18 жасқа толмаған балалардың ерте жастан инвестиция жасап, ұзақ мерзімді жинақ қалыптастыруына арналған арнайы шоттар.

SpaceX-тің бір акциясының 2026 жылғы 25 қарашадағы биржалық жабылу бағасы 127,44 доллар болған. Reuters есебінше, екі акцияны шамамен 72 миллион балаға үлестіру туралы бастаманың жалпы құны 18 миллиард доллардан асуы мүмкін.