Қазақстанда "Халықтық құрылыс" бағдарламасын жүзеге асыруға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жиында халықаралық компаниялардың инфрақұрылымдық жобаларға қатысуы, инвестициялық саясатты жетілдіру және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Бағдарлама барлық өңірді қамтиды
Үкімет басшысының айтуынша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы елдің барлық өңірін қамтиды. Ал 2027 жылдың Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы болып жариялануы жобаның маңызын арттыра түседі.
«Жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңызы мен ауқымы жекелеген нысандардың құрылысымен шектеліп қалмайды. Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты экономикалық дамуы үшін жаңа негіз қалануда. Мұндай ауқымды міндеттер халықаралық әріптестер үшін де кең мүмкіндік ашады», – деді Олжас Бектенов.
Қазақстан шетелдік инвесторлармен бірлесіп, заманауи құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жинақтауыштарды өндіруге мүдделі. Сонымен бірге озық инженерлік шешімдерді, құрылыстың жаңа стандарттары мен тиімді басқару тәжірибесін енгізу көзделіп отыр.
Инвесторлармен жұмыс жүйесі өзгереді
Үкімет инвестиция тарту және жобаларды сүйемелдеу жүйесін жаңартуды жоспарлап отыр. «Бәйтерек» холдингі инвесторлармен жұмысты бірыңғай үйлестіретін құрылымға айналады. Kazakh Invest компаниясын холдинг құрамына беру және бірыңғай фронт-офис құру көзделген.
Жаңа жүйе инвестициялық жобаларды бір орталықтан сүйемелдеуге және бизнеске қаржыландыру құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Инвестицияларды құқықтық қорғау мәселесіне де басымдық берілмек. Соның ішінде Алатау қаласында халықаралық тәжірибеге негізделген инвестициялық сот құру бастамасы қарастырылып жатыр.
Бизнес қандай ұсыныстар айтты?
Отырыста шетелдік компаниялар салық және кедендік әкімшілендіру, энергетика, мұнай-газ саласы, еңбек заңнамасы, цифрландыру, денсаулық сақтау мен фармацевтикаға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Eni Kazakhstan құбыр желілерін тексеруде тәуекелге негізделген тәсілді енгізуді ұсынды. KPMG өкілдері көлік, өнеркәсіп, энергетика және телекоммуникация салаларында жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктеріне тоқталды.
Santo компаниясы Қазақстанда өндірілетін дәрі-дәрмектерді тіркеу және сүйемелдеу үшін «жасыл дәліз» тетігін енгізуді ұсынды. Ал Beeline Kazakhstan әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға жеке инвестиция тарту мүмкіндігін кеңейту қажет екенін айтты.
Отырыс қорытындысында Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға шетелдік инвесторлар ұсынған бастамаларды жан-жақты қарастыруды тапсырды.