Алматы облысының Қонаев қалалық сотында қоғам белсендісі әрі агросарапшы Алмасбек Садырбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Садырбайға 1,2 млрд теңге жымқырды деген айып тағылған. Алайда ол өзіне тағылған кінәні мойындамайды. Бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде ол журналистерге қылмыстық істің материалдары өте ауқымды екенін айтқан. Оның сөзінше, іс 500 томнан тұрады, ал айыптау актісінің өзі 90 бетке жетеді.
«Айыптау актісінің өзі 90 беттен тұрады. 500 томдық іс! "Алмасбек Садырбаев ақшаны алды, алдады" деген бірде-бір сөз естідіңіздер ме? Жазу да жоқ, сөз де жоқ, түк те жоқ», – деген еді ол.
Алмасбек Садырбаев не үшін қамауға алынды?
Алмасбек Садырбаев 2024 жылдың қарашасында ұсталған. Содан бері оны қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. 2025 жылдың қаңтарында «Гиперборей» YouTube-арнасында қоғам белсендісінің уақытша ұстау изоляторынан түсірілген видеосы жарияланды. Кадрларда ол не себепті қамауға алынғанын түсінбейтінін айтып, тергеу органдарымен ынтымақтасуға дайын екенін жеткізген.
2026 жылдың мамыр айының соңында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Садырбайдың ісін прокурорлардың өздері тергеп жатқанын мәлімдеген.
Алмасбек Садырбаев кім?
Алмасбек Садырбаев – ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді көтеріп жүрген қоғам белсендісі және агросарапшы. Ол «Шопан-ата» агроқозғалысының төрағасы ретінде танымал. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, Садырбай Орталық Азия университетінде экономика мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолында Алматы қаласының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Сондай-ақ ол Agroholding QAZYNA компаниясының басқарма төрағасы болған. 2017 жылдан бастап етті бағыттағы қой тұқымдарының республикалық палатасын басқарған.
2018 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері қауымдастығының басқарма төрағасы болып тағайындалған. Ал 2019 жылдан бері «Шопан-ата» Қазақстан қой өсірушілер ұлттық қауымдастығын басқарған. Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр. Прокурор сұраған жаза – мемлекеттік айыптаушының ұсынысы. Түпкілікті шешімді сот шығарады.