Қазақстанның еңбек нарығына жүргізілген мемлекеттік аудит 471 млн теңгенің қаржылық заңбұзушылығын және 519 млн теңгенің тиімсіз жоспарланғанын көрсетті. Тексеру барысында халықты жұмыспен қамту, мамандарға деген сұранысты болжау және еңбек көші-қонын реттеу бағыттарында да бірқатар жүйелі мәселе анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жұмыс орындарының сапасы сын көтермейді
Жоғары аудиторлық палата Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен өңірлік мекемелердің 2023 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі жұмысын тексерді. Аудит қорытындысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста қаралды.
Ресми дерек бойынша, 2023–2025 жылдары жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 239 мың адамға артқан. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан 4,6%-ға дейін төмендеген. Алайда аудиторлар еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың әлі де сәйкес келмейтінін және ашылған жұмыс орындарының сапасына қатысты мәселе барын атап өтті.
Сонымен қатар Еңбек министрлігінің кейбір шаралары есепте орындалды деп көрсетілгенімен, олардың нақты нәтижесі расталмаған.
Қаражаттың басым бөлігі субсидияға жұмсалған
2025 жылы аудиторлар қарастырған жұмыспен қамту шараларына бюджеттен 163 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 89%-ы субсидияланатын жұмыс орындарына, ал небәрі 2%-ы кәсіптік оқытуға бағытталған.
Аудит ел экономикасына қандай мамандар қажет екенін болжау ісінде де кемшілік барын көрсетті. Өзекті әдістеме мен қажетті деректердің болмауы кадр даярлау жүйесін тиімді жоспарлауға кедергі келтіріп отыр.
Бұдан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарды, жетім балаларды және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесі толық шешілмеген.
Қоныс аударған азаматтардың жағдайы толық бақыланбайды
Мемлекеттік органдар ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар мен қандастардың қабылдаушы өңірлерде тұрақтап қалғанын, жұмысқа орналасқанын және алған мамандығы бойынша еңбек етіп жүргенін толық бақыламайды.
Салдарынан көші-қон бағдарламаларының ұзақмерзімді нәтижесін және бөлінген бюджет қаражатының тиімділігін нақты бағалау қиынға соғып отыр.
Жұмыспен қамту статистикасына күмән бар
Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен өзара дерек алмасу тетіктерінен де кемшілік тапты. Ақпаратты жинау мен тексерудің бірыңғай тәртібі болмағандықтан, жұмыспен қамтуға қатысты кейбір көрсеткіштердің шынайылығы жеткілікті деңгейде расталмаған.
Ұлттық біліктілік жүйесі мамандарға қойылатын талаптарды уақтылы жаңартпайды. Ал платформалық жұмыспен қамтудың дамуы тиісті есеп жүргізу және реттеу шараларымен қатар жүрмеген.