Алматыда Бостандық ауданы әкімдігі 26 қарашаға қараған түні жеке үйде болған өрттен қаза тапқан бес адамның жерлеу рәсімін ұйымдастырады. Өрттен баспанасы зардап шеккен тоғыз адам уақытша қонақ үйге орналастырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы оқиғадан кейін аудан әкімдігі қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге қолдау көрсетеді.
"Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасылар үшін қиын кезеңде оларға қолдау көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда", - деп хабарлады Бостандық ауданы әкімдігі.
Әкімдік мәліметінше, өрттен баспанасы зардап шеккен тоғыз адам уақытша қонақ үйге орналастырылған.
Сурет: Dalanews.kz
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жеке үй өртеніп, бес адам көз жұмғаны хабарланды. Қаза тапқандар арасында бала да бар.
Қазір бес адамның өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.