Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ақтөбеде анасынан кейін көз жұмған жігіт туралы әсерлі естелік жарияланды

Ақтөбеде анасынан кейін көз жұмған жігіт туралы әсерлі естелік жарияланды
Аурухана. Көрнекі фото: Pramote Polyamate/Getty Images

Ақтөбе облысында жол апатынан қаза тапқан дәрігер Назгүл Қантөренованың ұлы Расул Бақтыбай туралы әлеуметтік желіде әсерлі жазба жарияланды. Жігіттің бұрынғы әріптесі Эльмира Бақытжанқызы оның еңбекқорлығы мен балаларға жасаған қамқорлығын еске алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін 23 қарашада Ақтөбе облысындағы Қандыағаш – Шалқар тасжолында қайғылы жол апаты болғаны хабарланған еді.

Жұрын ауылының маңында Renault автокөлігі жолдан шығып, аударылған. Салдарынан көлік жүргізушісі, Мұғалжар аудандық ауруханасының оториноларинголог дәрігері Назгүл Қантөренова оқиға орнында көз жұмған.

Кейін дәрігердің ұлы Расул Бақтыбайдың да қайтыс болғаны белгілі болды. Жарияланған мәліметтерде оның өлімі өзіне қол жұмсау оқиғасымен байланыстырылған. Полиция Расулдың анасы қаза тапқан жол апаты кезінде көлікте болмағанын нақтылаған.

Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушысы Эльмира Бақытжанқызы марқұм жігіт туралы естелігін бөлісті. Оның айтуынша, Расул ерекше балалармен жұмыс істейтін орталықта адаптивті дене шынықтыру (АФК) маманы болып қызмет атқарған.

"Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын… Назгүл ханыммен бір дастархандас болып, дәмдес болған едік. Ал ұлы Расул біздің орталықта АФК маманы болып еңбек етті. Жұмысқа деген ынтасы жоғары, өте еңбекқор, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын бала еді", – деп жазды ол.

Эльмира Бақытжанқызы жігіттің ерекше қажеттіліктері бар балалармен тіл табыса білетінін, олардың дамуына көмектескенін атап өтті.

"Ол талай ерекше баланың жүрегіне жол тауып, олардың түсінуіне, сөйлеуіне, дамуына өз үлесін қосты. Балаларды өз бауырындай қабылдап, әрқайсысына шын жүрегімен мейірімін төгетін", – деді ол.

Жазба авторы Расулдың анасына деген ерекше құрметін де еске алды. Оның айтуынша, жас жігіт анасының қамқорлығын бағалап, болашақта оған барынша жағдай жасауды армандаған.

"Анасына деген құрметі мен махаббаты ерекше болатын. "Мамам мен үшін бәрін жасады, енді мен мамамның бар жағдайын жасаймын" деп жиі айтатын", – деп жазды Эльмира Бақытжанқызы.

Сонымен қатар ол әлеуметтік желіде марқұмға қатысты түрлі пікір айтылып жатқанын жеткізді.

"Біз ешкімді айыптап, ешкімнің сөзіне баға бергіміз келмейді. Біз Расулды өз ортамызда таныған қалпында еске аламыз. Біз оның жақсы жақтарын көрдік, еңбегін бағаладық, балаларға деген мейіріміне куә болдық", – деді жазба авторы.

Ол марқұмның балаларға жасаған жақсылығы мен еңбегі әріптестерінің есінде қалатынын атап өтті.

"Расулдың жарқын бейнесі мен балаларға сіңірген еңбегі біздің жүрегімізде сақталады", – деп түйіндеді Эльмира Бақытжанқызы.