Ормуз бұғазында 2 млн баррель мұнай тиеген танкер жарылды

Ормуз бұғазында 2 млн баррель мұнай тиеген танкер жарылды
IRNA

Ормуз бұғазында 2 миллион баррельден астам мұнай тасымалдап бара жатқан супертанкер теңіз минасына жарылды. Жарылыстан кейін кемеде өрт шыққан, деп хабарлайды dalanews.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Иранның Tasnim ақпарат агенттігі Ислам революциясы сақшылары корпусына (ИРСК) сілтеме жасап, танкердің Иран белгілеген Ормуз бұғазы арқылы өту ережелерін бұзғанын мәлімдеді.

Иран әскерилерінің мәліметінше, кеме алдын ала келісілмеген бағытпен қозғалған. Сонымен қатар супертанкердің орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін қадағалау жүйесі өшірілген.

Салдарынан танкер теңіз минасына жарылып, бортында өрт шыққан.

Әзірге зардап шеккендер туралы және кемеге қаншалықты зақым келгені жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Ормуз бұғазы – әлемдегі мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар теңіз жолдарының бірі. Бұл бағыттағы кез келген ірі оқиға халықаралық мұнай жеткізіліміне қауіп төндіруі мүмкін.