Ресейге жұмыс іздеп кеткен 11 қазақстандық соғыс аймағынан шығарылды

Ресейге жұмыс іздеп кеткен 11 қазақстандық соғыс аймағынан шығарылды
magnific.com

Украинадағы соғысқа тартылған 11 қазақстандық соғыс аймағынан шығарылды. Бұл туралы олардың елге оралуына көмектесіп жүрген адвокат Мейірман Шекеев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін заңгер жеті қазақстандықтың соғыс шебінен шығарылып, Ресейдің Воронеж қаласына жеткізілгенін хабарлаған болатын. Бүгін ол соғыс аймағынан шығарылған азаматтардың саны 11-ге жеткенін мәлімдеді.

– Алла қалап, балалардың қазіргі таңда жетеуі соғыс шебінен алдырылып, Воронежге жеткізілді. Алла қаласа, елге келер күн де алыс емес сияқты, – деп жазған еді адвокат бұған дейін.

Қазақстандықтардың туыстары биліктен көмек сұраған

Еске салайық, 7 қазанда Украинадағы соғысқа тап болған қазақстандықтардың аналары мен жақындары Астанаға келіп, Сыртқы істер министрлігіне жүгінген.

Олардың айтуынша, ер азаматтар бастапқыда Ресейге жұмыс істеу мақсатында кеткен. Алайда кейін әскери қызметке тартылып, Украинадағы соғыс аймағына жіберілген.

Бұған дейін қазақстандықтар бірнеше бейнеүндеу жариялап, елге қайтаруға көмектесуді сұраған.

Олар Ресейге күзет агенттіктеріне, ет комбинаттары мен құс фабрикаларына жұмысқа орналасу үшін барғандарын айтқан. Алайда өздерінің мәлімдеуінше, еңбек шарттарының орнына басқа құжаттарға қол қойып, нәтижесінде келісімшарт бойынша әскери қызметші атанған.

Бастапқыда бірге жүрген қазақстандықтардың саны 15 болған. 

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін азаматтарды елге қайтару мәселесі бойынша Ресей тарапымен келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Сондай-ақ елге оралуды қажет ететін қазақстандықтардың тізімі жасақталып жатқаны айтылған.

Әзірге соғыс аймағынан шығарылған 11 азаматтың Қазақстанға қашан оралатыны белгісіз.