«Кел, балалар, оқылық!»: ғасырлар өтсе де өшпеген үн

«Кел, балалар, оқылық!»: ғасырлар өтсе де өшпеген үн
ашық дереккөз

    Бір сәтке мектептің қоңырауы соғылмайтын, сыныптың есігі ашылмайтын, ал баланың кітап ұстауы арман болып қалатын заманды елестетіп көрейікші. Біз үшін күнделікті көрініске айналған оқу сол кезде қаншама балаға қол жетпес мүмкіндік еді. Осындай уақытта қазақ даласына «Кел, балалар, оқылық!» деп үн қатқан Ыбырай Алтынсариннің сөзі жай ғана шақыру емес, тұтас ұлттың ертеңіне артылған сенім болатын. Бүгін біз осы өлеңді оқығанда оның әр жолынан баланың болашағына алаңдаған ұстаздың жүрегін сеземіз. «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар» деген ойдың мәні де ерекше: шырақ дегеніміз – қараңғылықты жарып шығатын білім. Ыбырай өз заманындағы қиындықтарға мойымай, 1864 жылы Торғайда мектеп ашты. Сол мектептің табалдырығын аттаған балалармен бірге қазақ даласының жаңа тарихы басталғандай.

Ыбырай шығармаларын оқыған сайын оның бізге ақыл айтудан гөрі өмірдің өзін көрсеткісі келгенін аңғарамыз. Мәселен, «Әке мен бала» әңгімесінде әкесінің жерде жатқан тағаны ал деген сөзін елемеген бала кейін сол тағаның ақшасына алынған шиені теру үшін қайта-қайта еңкейеді. Кішкентай ғана оқиға, бірақ одан үлкен сабақ аламыз: жеңіл істі көпсінген адам,  кейде одан да көп іске душар болады.

Ал «Бай баласы мен жарлы баласын» оқығанда Асан мен Үсеннің мінезі бізді еріксіз ойландырады. Байлыққа үйренген Асан қиындық алдында абдырап қалады, ал тұрмысқа бейім, еңбекке жақын Үсен жол тауып, екеуінің аман қалуына көмектеседі. Демек, адамды алға сүйрейтін тек дайын мүмкіндік емес, өзінің – білімі, еңбегі мен тапқырлығы.

«Таза бұлақтағы» жолаушылардың бұлақ басындағы жазуды әртүрлі түсіндіруі де бекер емес: бір ғана көріністен әр адам өз жүрегіне жақын мағына табады. Осы шығармалар маған Ыбырайдың балаларды жаттанды сөзбен емес, ойландыру арқылы тәрбиелегенін көрсетеді. Қазір бізде телефон да, интернет те, сан түрлі дайын жауап та бар. Бірақ қандай жағдайға тап болсақ та өз бетімізше шешім таба алмасақ, Үсеннің тапқырлығынан не үйрендік? Ал кішкентай еңбекті менсінбесек, «Әке мен баланы» оқығанымыздың пайдасы қандай?

Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармаларының құндылығы – олардың тек өткен ғасырда қалып қоймауында. Бүгін де әр балаға сенетін, оның мүмкіндігін байқайтын, қателессе қолынан ұстайтын ұстаз керек. Ыбырай дәл сондай ұстаз бола білді: ол балалардың білім алуына жол ашты, қыздардың оқуына да көңіл бөлді, ең бастысы, оқу мен адамгершілікті бір-бірінен ажыратпады. Біз кейде жақсы баға алуды білімді болумен шатастырып аламыз. Ал оның әңгімелері шын білімнің адамның ісінен, таңдауынан, біреуге жасаған жақсылығынан көрінетінін еске салады. Сондықтан Ыбырайды құрметтеу – мерейтойда әдемі сөз айту ғана емес. Бұл – кітапты шын ықыласпен оқу, еңбектен қашпау, алған білімімізді айналамызға пайда келтіруге жұмсау. Бір кездері қазақ баласын мектепке шақырған «Кел, балалар, оқылық!» деген үн әлі де естіліп тұрғандай. Сол үнді ести алу – біздің парызымыз, ал оған лайық жауап беру – біздің болашағымыз.

ҚазҰУ-дың 1-курс студенті Қазанбай Аянат
Ғылыми жетекші: фил.ғ.к., профессор Р.С. Жақсылықбаева