Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның Пешавар қаласында мектеп шатырының опырылуы салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Премьер-министр Шахбаз Шарифке көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаға байланысты Пәкістан халқының қайғысына ортақтасып, қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Сондай-ақ Президент зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, Пәкістанның Пешавар қаласында мектеп ғимаратының шатыры опырылып, салдарынан көптеген адам қаза тапқан. BBC мәліметінше, қайғылы оқиға жекеменшік «Әл-Хайр» білім беру орталығында болған. Мектеп шатырының опырылуы салдарынан кемінде 34 адам қаза тапқан. Олардың 33-і – балалар, біреуі – мұғалім. Қаза тапқан және жарақат алған балалардың жасы 6 мен 12 аралығында. Мектептен 20 оқушы эвакуацияланған, оның үшеуі ауыр жарақатпен ауруханада жатыр. Құтқарушылар үйінді астында әлі де балалар болуы мүмкін екенін айтады. Оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ.