Шымкентте 21 жасқа толмаған азаматқа энергетикалық сусын сатқан дүкен қызметкеріне 216 250 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды dalanews.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 2026 жылғы 8 қыркүйекте Шымкент қаласындағы Тассай тұрғын алабында орналасқан азық-түлік дүкенінде болған.
Істі Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Сот мәліметінше, сатушының кінәсі оның өз мойындауымен, берген түсініктемесімен және полиция қызметкерлері рәсімдеген заттай дәлелдемелерді алу актісімен расталған.
Сот отырысында ер адам жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, жазасын жеңілдетуді сұраған.
Алайда сот істің мән-жайын ескере отырып, оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 423-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 216 250 теңге көлемінде айыппұл салды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Қазақстанда 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған.